Байден екі қылмыстық іске қатысы бар ұлына кешірім берді
АҚШ президенті Джо Байден екі қылмыстық іс бойынша сотталған ұлы Хантер Байденге рақымшылық жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: LeStudio1.com
Байден ұлының әділетсіз қудаланғанын көрсе де, осы уақытқа дейін үндемей келгенін айтты.
"Осы қызметке келген алғашқы күннен бастап Әділет министрлігінің шешіміне араласпайтынымды айтып, уәде бердім. Ұлымның әділетсіз қудаланғанын көрсем де, өз сөзімде тұрдым", – деді Байден.
Қыркүйек айында Байденнің өзі де, оның баспасөз хатшысы да ұлына рақымшылық жасау туралы жарлық шығармайтынын айтты.
Маусым айында алқабилер 54 жастағы Хантер Байденді 2018 жылы қару сатып алған кезде есірткіге тәуелді екенін жасырғаны үшін кінәлі деп тапты. Кіші Байден – президенттің АҚШ тарихында алғаш рет қылмысы үшін сотталған ұлы. Содан кейін қыркүйекте Хантер Байденнің өзі салық төлеуден жалтару бойынша кінәсін мойындады.
Байден 1 желтоқсанда жариялаған мәлімдемесінде ұлының соты "саясатпен ластанғанын" және заңсыз шешімдерге әкелгенін айтты.
Хантер Байден есірткіге тәуелділігін кей адамдардың Байден отбасын көпшілік алдында масқаралау үшін саяси мақсаттарға пайдаланғанын айтты.
"Бүгінгі кешірім үшін алғысымды білдіріп, өмірімді мұқтаж жандарға көмектесуге арнаймын", – деді президенттің ұлы.
Хантер Байденге үкім 12 және 16 желтоқсанда шығарылады деп жоспарланған еді. Оның үстіне ол 2016-2019 жылдары 1,4 миллион доллар көлемінде салық төлеуден жалтарғаны үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін болды.
Джо Байден туысына рақымшылық жасаған алғашқы АҚШ президенті емес.
2001 жылы Билл Клинтон екінші мерзімінің соңында 1985 жылы кокаин сақтағаны үшін сотталған өзінің туған ағасы, актер және музыкант Роджер Клинтонға рақымшылық жасады.
Дональд Трамп 2020 жылы қызы Иванканың қайын атасы Чарльз Кушнерді кешірді. Ол 2005 жылы сайлау науқанына заңсыз жарна төледі және салық төлеуден жалтарды деген айыппен сотталып, екі жыл жазасын өтеген.
Трамп енді сайлау науқанына қомақты қаржы бөлген Кушнерді Францияға елші етіп тағайындауды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Байден Украинаға Ресейге шабуыл жасау үшін алыс қашықтағы зымырандарды қолдануға рұқсат берген еді.