Бауыр доноры болған соң босанған жалғыз қазақстандық әйел дәрігерлерді таң қалдырды
Алматыда соңы қуанышпен аяқталған жүрек толқытарлық ерекше оқиға болды. Мәдина Нұрсұлтанқызы бауыр трансплантациясынан соң сау сәбиді өмірге әкелген алғашқы қазақстандық атанды. Бүгін әйел перзентханадан шықты.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Мәдина өз бақытына өзі сенер емес. Ол осымен үшінші сәбиін өмірге алып келіп отыр. Жас ана үш жыл бұрын өзінің туған әпкесі үшін бауыр доноры болған. Ауыр операциядан соң әйелге бала босануға тыйым салынған. Бірақ күйеуі екеуі қызды болуды қатты армандапты.
“Біз күйеуіміз екеуміз қонаққа барсақ, ол кішкентай қыздарды көтеріп, жақсы көре құшақтайтын. Қызғаншақ әкенің бірі: “Не, әйеліңнің өзіңе қыз туып бергенін қалап, оған айта алмайсың ба?” деді. Содан күйеуім мені көндіре бастады. “Операциядан өткендіктен олай болмайтынын білесің ғой” деймін мен. Бауыр мен асқазан бөлігі жоқ болды. Бірақ, ол әрқашан қасымда болатынын айтты”, – дейді Мәдина.
Сол уақыттан бері Мәдина дәрігерлердің бақылауында болған. Гепатолог, инфекционист, гинеколог, терапевт мамандар оны тұрақты түрде бақылап, іштегі сәбидің дамуына мән берген. Отандық дәрігерлер шетелдік мамандармен тәжірибе алмасып, олардың осындай жағдайдағы мүмкіндіктерін қарастырған. Жалпы, әлемде дәл осындай жағдайда жүкті болған сегіз ғана әйел бар екен. Ал Қазақстан бойынша тек жалғыз Мәдина.
“Оның мақсатыма жетемін деген төзімділігі мен ерік-жігерінің арқасында ол жүкті болып, бәрі жақсы аяқталатынын дәлелдеп берді. “Сіз уайымдамаңыз дәрігер” деп менің өзімді сабырға шақыратын”, – дейді жүктілік патологиясы бөлім меңгерушісі Талғат Патсаев.
Отандық дәрігерлер сәбиге Аймекен деген есім берген. Қазір Мәдинаны үйінде екі ұлы күтіп отыр.
Оқи отырыңыз:
Бойжеткен көзіндегі линзасын алам деп көз алмасын зақымдап алған (фото)
Пайдалы кеңес: Қатерлі ісікке шалдықтырмау үшін телефонды қалай қолдану керек
Қайыр сұрап күн кешкен шымкенттік қария қарттар үйіне орналасуды армандап жүр
Шымкенттік әйел өзін тонаған еңгезердей екі жігітті қуып жүріп сөмкесін тартып алған