Батыс Қазақстанда терроризмді насихаттаған ер адам ұсталды
22 мамырда ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура және полицияның көмегімен терроризмді насихаттаған Батыс Қазақстан облысының тұрғынын ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ҰҚК баспасөз қызметі
Мәліметтерге сүйенсек, ер адам терроризмді насихаттады деп күдікке ілініп отыр. Тергеу әрекеттері барысында заттай дәлелдемелер алынды.
“Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігі “Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру” бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталған адам бұрын ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған. ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді”, – делінген комитеттің хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін сот үкімімен Астананың 8 тұрғыны террористік қызметпен айналысқаны үшін 7 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылғанын жаздық. Прокуратураның мәліметінше, террористік топтың мүшелері Сирия аумағына қоныс аударуды және Қазақстанда басқарудың теократиялық жүйесін орнату қажет екенін талқылаған. Сондай-ақ топтың жетекшісі Сирияда соғыс қимылдарын жүргізетін террористік ұйымды қаржыландыруды ұйымдастырған.