Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында құтқарушыны пышақтау оқиғасы: Вице-министр мән-жайды баяндап берді

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар кезінде жарақаттанған 26 жастағы құтқарушының жағдайын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Вице-министрдің айтуынша, құтқарушы ауруханада жатыр, жағдайы бірқалыпты.

"Дәрігерлер жақсы нәтиже күтеді. Заң бұзушылар ұсталды, олар өз кінәларын мойындады. Қазір полицияның қарамағында", - деді Сыздықов.



Министрдің орынбасары төбелесті құтқарушыға шабуыл жасаған жергілікті тұрғындардың өздері бастағанын түсіндірді.

"Өкінішке қарай, құтқарушыларымыз құтқаруға келгенде, халық арасынан арқадан пышақ сұғатындар шықты. Оқиға Батыс Қазақстан облысында болған. Құтқарушылар өзен жағасында адамдарды бір жағадан екінші жағаға өткізіп тұрған. Оларға екі жергілікті тұрғын келіп, тиісе бастаған. Ақырында кикілжіңді шешіп, құтқарушылардан: “Қашанға дейін боласыңдар?” деп сұраған. Олар “Біз тәулік бойы осындамыз” деп жауап берген. Бұдан соң кешке мас болып келген екі жергілікті тұрғын төбелес шығарған. Сол кезде құтқарушылардың біріне пышақ тығып алған", - деді вице-министр.

Еске салайық, Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмектесіп жүрген 26 жастағы құтқарушыны ер адам пышақтаған еді. Оқиға Қазталов ауданы Жалпақтал ауылының маңында болған. Жедел деректер бойынша, жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіліп жатқанда Қараөзен өзенінің жағасында 26 жастағы азаматтық қорғау сержанты жараланған. 

Талқылау