Ақтөбе облысында экологтар малдың жаппай қырылу себебін анықтады

Ақтөбе облысында бірнеше апта бұрын басталған малдың жаппай қырылуына тейлериоз ауруы себеп болғаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Бірінші Еуразия” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жергілікті тұрғындар емдеуді бастау үшін зертхана қорытындысын күткен. Ресми мәлімет бойынша, өңірде 50-ге жуық мал қырылған.
Облыстық ветеринария басқармасының ветеринариялық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Күлсара Жақыпованың айтуынша, зертханалық талдау нәтижесі тейлериоз ауруын растаған.
"Талдау нәтижесі тейлериозға оң нәтиже көрсетті. Тейлериоз – қан сорғыш кенелер арқылы жұғатын паразиттік ауру. Бұл аса қауіпті аурулар қатарына жатпайды. Сондықтан емдеу және кенеге қарсы өңдеу жұмыстары мал иелерінің қаражаты есебінен жүргізіледі", – деді Күлсара Жақыпова.
ОқыңызМамандардың айтуынша, тейлериоз анықталған жағдайда карантин жарияланбайды. Дегенмен ауру малды жайылымға шығармай, салқын жерде ұстап, дәрі-дәрмекпен емдеп, денесіндегі кенелерді дер кезінде тазарту ұсынылады.
Еске салайық, бұған дейін Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында және Ганьсу провинциясында аусыл ауруының жаңа SAT1 серотипі тіркелгені хабарланған еді. Осыған байланысты ауру жұққан мал жойылып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Ал Ресейде мал арасында жұқпалы аурулардың таралуына байланысты жаппай мал жою шаралары қолға алынып, Қазақстан кейбір өңірлерден мал мен мал өнімдерін импорттауға уақытша шектеу енгізген еді.