"Басты қауіп интернеттен": Елімізде терроризм және экстремизммен күрес қалай жүріп жатыр
Қазақстанда терроризм қаупі бұрынғыға қарағанда төмендегенімен, бұл мәселе әлі күнге дейін өзегін жоғалтқан жоқ. Қазір террорлық қауіптің сипаты өзгеріп, оның негізгі бөлігі интернет кеңістігінде таралатын радикалды идеологиямен және киберортадағы үгіт-насихатпен байланысты болып отыр. Осыған байланысты Stan.kz елдегі терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың қазіргі ахуалы туралы сарапшылардың пікірін білді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 2026 жылдың сәуір-мамыр айларында терроризм және экстремизмге қатысты қылмыстар бойынша 13 адамға сот үкімі шыққан. Олардың арасында әлеуметтік желілер арқылы террористік идеологияны насихаттап, азаматтарды Сирия сияқты қақтығыс аймақтарына баруға үндегендер және ел аумағында теократиялық мемлекет құру идеясын қолдауға шақырғандар болған.
Бұдан бөлек, осы жылдың сәуір-мамыр айларында терроризм мен экстремизмге байланысты қылмыс жасады деген күдікпен тағы 11 адам ұсталды. Тергеу материалдарына сәйкес, күдіктілер интернет арқылы экстремистік сипаттағы материалдарды таратқан, адамдарды террористік ұйымдардың қатарына қосылуға шақырған және өзге көзқарастағы азаматтарға қарсы күш қолдануды насихаттаған.
Мамандардың пікірінше, бұл деректер Қазақстанда терроризм қаупі толық жойылмағанын көрсетеді. Алайда бүгінгі қауіп бұрынғыдай қарулы әрекеттермен ғана шектелмейді. Қазір негізгі қатер радикалды идеялардың интернет арқылы таралуы мен азаматтарды онлайн кеңістікте идеологиялық тұрғыдан ықпалға алуға бағытталған әрекеттерден туындап отыр.
“Негізгі қауіп интернеттен төніп отыр”
Дінтанушы, ұлттық сарапшы Гүлназ Раздықованың айтуынша, терроризм мен экстремизм қаупі әлемде әлі де сақталып отыр. Сондықтан бұл сын-қатер Қазақстан үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
“Дегенмен ел ішіндегі жағдайға келсек, соңғы 10–11 жылда терроризм мен экстремизм саласында тұрақтылық сақталып келеді. 2025 жылы Жаһандық терроризм индексінде Қазақстан терроризм қаупі ең төмен елдердің қатарына еніп, рейтингте 100-орын алып, “жасыл аймаққа” кірді”, – дейді ұлттық сарапшы.
Сарапшының сөзінше, терроризммен күрес жұмысының негізі үш бағытты қамтиды.
“Біріншісі – халық арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Екіншісі – деструктивті діни ағымдардың ықпалына түскен адамдарды оңалту. Үшіншісі – интернет кеңістігінде экстремистік идеологияға қарсы контрнасихат жүргізу”, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстанда осы бағытта екі ірі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылған. Ал қазір терроризм мен діни экстремизмге қарсы кешенді жоспар іске асып жатыр.
“Қазақстан үшін сыртқы және ішкі қауіп әлі де бар және олардың екеуі де бірдей маңызды. Ең үлкен сыртқы қауіп Сириядағы соғыс кезінде байқалды. Сол кезде бірқатар қазақстандықтар Қазақстанда тыйым салынған ИГИЛ террористік ұйымының қатарына қосылды. Бұл еліміздің терроризмге қарсы саясаты үшін үлкен сынақ болды”, – дейді дінтанушы.
Сарапшының айтуынша, қазір негізгі ішкі қауіп онлайн-радикалдану болып отыр.
“Қазір радикалды идеялар негізінен интернет арқылы таралады. Жастар Telegram-арналар, Telegram-боттар, TikTok сияқты платформаларда деструктивті контенттің ықпалына оңай түсіп қалуы мүмкін. Facebook пен Instagram желілерінде қауіпсіздік саясаты күшейгендіктен экстремистік материалдар азайған. Десе де Telegram мен басқа да платформаларда мұндай контент әлі де кездеседі”, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар дінтанушы экстремистік идеялардың енді тек әлеуметтік желілермен шектелмейтінін айтады.
“Бүгінде радикалды идеологиялар әлеуметтік желілерден бөлек, онлайн ойындар арқылы да тарап жатыр. Экстремизмнің геймификациясы Қазақстан үшін де өзекті мәселеге айналып келеді”, – дейді ол.
Гүлназ Раздықованың айтуынша, “Жусан” және “Русафа” операциялары гуманитарлық мақсатына толық жетті.
“Бұл операциялардың басты мақсаты – Сириядағы қазақстандық балаларды құтқару болды. Қазақстанға 700-ден астам азамат қайтарылды. Ер адамдардың барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды, кейбір әйелдер де сотталды. Ал балалар туған-туыстарының қамқорлығына берілді”, – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, экстремизм мен терроризмді тек күш қолдану арқылы жеңу мүмкін емес.
“Экстремизм идеологиясымен күрестің ең тиімді жолы – құқықтық және діни-ағартушылық жұмыс. Әсіресе жастар зорлық-зомбылық ешқандай мәселені шешпейтінін түсінуі керек. Сондықтан түсіндіру жұмыстары жүйелі әрі тұрақты жүргізілуі қажет”, – дейді Раздықова.
Сарапшының сөзінше, Орталық Азия үшін де терроризм қаупі толық жойылған жоқ.
“Ауғанстандағы жағдай аймақ елдері үшін әлі де алаңдаушылық туғызады. Сонымен бірге еңбек миграциясы кезінде азаматтардың шетелде радикалдануы, қару-жарақ саудасы мен есірткі трафигі де Орталық Азия елдеріне ортақ қауіп болып қала береді. Сондықтан бұл мәселелер халықаралық ұйымдар мен өңірлік ынтымақтастық аясында шешілуі қажет”, – деді ұлттық сарапшы.
“Болашақтағы басты қауіп – кибертерроризм”
Саясаттанушы Талғат Қалиевтің айтуынша, Қазақстанда терроризмді насихаттайтын немесе террористік әрекеттерге үндейтін жергілікті радикалды идеология қалыптаспаған.
“Бүгінде негізгі қауіп сыртқы орталықтардан тарайтын терроризм мен радикалды ағымдардан туындайды. Қазақстанда террористік мақсатқа жетуді көздейтін өзіндік радикалды ілімдер немесе идеологиялық доктриналар жоқ. Тәуелсіздік жылдары тіркелген террорлық әрекеттер шетелдік кураторлардың ықпалымен әрекет еткен, дәстүрлі емес діни ағымдардың жақтастары тарапынан жасалды. Сондықтан сыртқы ықпал еліміз үшін әлі де негізгі қауіп көзі болып отыр”, – дейді саясаттанушы.
Талғат Қалиевтің сөзінше, сыртқы және ішкі қауіптерді бір-бірінен бөліп қарастыру мүмкін емес. Өйткені жаһандану, ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және азаматтардың еркін жүріп-тұруы деструктивті идеялардың елге енуіне мүмкіндік береді.
“Бұл екі қауіп бір-бірінен бөлек өмір сүрмейді. Қазақстанда терроризмді насихаттайтын жергілікті идеология жоқ. Десе де еліміз әлемнен оқшау емес. Адамдар интернетті еркін пайдаланады, әлеуметтік желілерге кіреді, шетелге барып-келеді. Соның салдарынан шетелден таралатын радикалды немесе экстремистік идеялар Қазақстанға да жетуі мүмкін. Оларды толықтай тоқтату мүмкін емес. Соған қарамастан, арнайы қызметтер бұл бағытта тиімді жұмыс істеп жатыр деп есептеймін”, – дейді ол.
Саясаттанушының пікірінше, Сириядан қайтқан қазақстандықтарды қоғамға бейімдеу жұмыстары тиімділігін көрсетті.
“Сириядан елге қайтарылған азаматтардың әрқайсысының тағдырын бақылап отырған жоқпын. Бірақ олар туралы жанжал немесе қоғамға қауіп төндірген оқиғаларды естімейміз. Бұл олардың әлеуметтік бейімделуі сәтті өткенін көрсетеді”, – дейді Қалиев.
Оның айтуынша, оңалту жұмыстарына кәсіби психологтар мен теологтар тартылған. Бұл бағыттағы Қазақстан тәжірибесі халықаралық деңгейде де қызығушылық тудырып отыр.
“Мұндай адамдармен “Ақниет” қоры сынды арнайы ұйымдар жұмыс істейді. Олар радикалды насихаттың ықпалына түскен азаматтарды оңалтумен айналысады. Бұл іске кәсіби психологтар мен теологтар қатысады. Менің білуімше, оңалту жұмыстарының нәтижесі өте жоғары. Тіпті Қазақстанның осы тәжірибесіне Еуропа елдері де қызығушылық танытып отыр. Біздің мамандар олардың шақыруымен шетелге барып, дәрістер оқып, семинарлар өткізеді”, – дейді саясаттанушы.
Талғат Қалиевтің пікірінше, алдағы жылдары терроризмнің сипаты өзгеріп, басты қауіп цифрлық кеңістікке ауысады.
“Қазір ең үлкен қауіп – кибертерроризм. Өмірдің барлық саласын цифрландырып жатырмыз. Қалаларды сумен жабдықтау жүйесі, электрмен қамту, жол қозғалысын реттеу, мемлекеттік қызметтердің бәрі автоматтандырылған. Егер қаскөйлер қаланың су, электр, көлік сияқты маңызды цифрлық жүйелерін бұзып кірсе, оның салдары жарылыс жасағаннан да ауыр болуы мүмкін”, – дейді ол.
Саясаттанушының сөзінше, Қазақстан қазірден бастап киберқауіпсіздікке ерекше назар аударуы қажет.
“Ендігі міндет – азаматтардың жеке дерегін, қаржылық жинағын және қалалардың тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды цифрлық жүйелерді барынша қорғау. Болашақтағы қауіп дәл осы бағыттан туындауы мүмкін”, – деді Талғат Қалиев.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан терроризммен күрес бағытында нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Мұны елдегі террористік оқиғалардың өте сирек тіркелетінінен-ақ байқауға болады, дейді саясаттанушы.
Павлодарды "біздікі" деген ресейлік стример Fassoollka жауапқа тартыла ма? Заңгер түсіндірді