Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас прокуратура "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның құжаттарын тәркіледі

Бас прокуратура қылмыстық іс аясында "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның құжаттарын тәркіледі. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі бас прокуратураның таратқан мәліметіне сүйеніп хабарлайды.

Арселор 2

Дереккөз: BaigeNews.kz

Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Костенко атындағы шахтасында болған оқиғаларды тергеуді жалғастыруда. Жергілікті орында үйлестіруді бас прокурордың бірінші орынбасары жүзеге асыруда.

“Газ-метан қоспасының жарылуының себептері мен жағдайларын анықтау мақсатында шахтаға түсу арқылы оқиға орнын алғашқы тексеру жүргізілді. Ауысым қызметкерлерінен, "АМТ" Көмір департаментінің басшылары мен жауапты қызметкерлерінен жауап алынды. Бірқатар сот сараптамалары, оның ішінде жарылыс-техникалық, биологиялық, геномдық-молекулалық және т.б. тағайындалды”, – делінген сейсенбіде тараған ақпаратта.

Кеншілер еңбегінің қорғалуының материалдық қамтамасыз етілу талаптарына сәйкестігін тексеру және қорытынды беру үшін мемлекеттік аудит мамандары мен басқа да сарапшылар тартылған.

“Шахтада жұмыстарды ұйымдастыруға және қауіпсіздік техникасын қамтамасыз етуге арналған құжаттамар алынып, талдануда. Өзге де қажетті іс-шаралар өткізілуде. Кінәлі тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады. Зардап шеккендер мен туыстарының қатысуымен өткізілетін тергеу әрекеттері олардың денсаулық жағдайы және жерлеу рәсімдерін өткізу қажеттілігін ескере отырып жүргізілетін болады. Тергеу жалғасуда. Қылмыстық іс бас прокурордың бақылауында”, – деп қосты ведомство өкілдері.



Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанда Костенко шахтасында метан газы жарылған. Соққы толқынының таралу диапазоны 2 км-ден асқан. Апат кезінде жер астында 252 шахтер болған деп айтылады. 206-сы өз бетімен жер үстіне шыққан. Қалғандары сыртқа шыға алмай қалған.

Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа көмір оятын орыннан өрттің шығуы себеп болған.

29 қазан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бүкіл елде жалау түсіріліп, барлық ойын-сауықтар тоқтатылды.

Апаттан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметіне "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-мен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Қарағанды ​​облысында кеншілердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" АҚ меншігін Қазақстанның пайдасына беру жөніндегі мәміле қазірдің өзінде аяқталып жатқанын мәлімдеген

Айта кетейік, бұған дейін егер Лакшми Миттал кінәлі деп танылса, құқық қорғау органдары оны жауапқа тартуға құқылы екені айтылған.

Қазақстанда Лакшми Митталды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін петицияға қол жинау басталды.

31-қазанда Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің соңғысының денесі табылғанын мәлімдеді.

Талқылау