Бас прокуратура белсенділердің 9 сәуірде митинг өткізу туралы ақпаратынан кейін азаматтарға үндеу жасады
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев азаматтарға үндеу жасап, 9 сәуірде рұқсат етілмеген митингілерді өткізуге және қатысуға шақырулар таратылғанын мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, Бас прокуратура мұндай акцияларды ұйымдастырғаны және қатысқаны үшін заңмен белгіленген жауаптылық туралы бірнеше рет ескерткен.
“Қоғамдық тәртіпті, халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау – біздің басты басымдықтарымыз. Сондықтан "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Заңының нормаларын сақтау қажеттілігіне және оларды бұзуға жол бермеуге тағы да назар аударамыз”, – делінген хабарламада.
Жандос Өмірәлиев бұқаралық жария іс-шара туралы алдын ала хабардар етіліп, осы үшін арнайы бөлінген орындарда жергілікті атқарушы органдардың рұқсатын алумен өтуі керек екенін мәлімдеді. Егер көрсетілген нормалар сақталмаса, кез келген жария шақырулар заңсыз деп танылады. Құқық бұзушыларға қатысты құқық қорғау органдары әкімшілік және қылмыстық-құқықтық шаралар қабылдайды.
“Атап айтқанда, Заң талаптарын (3-баптың 3-тармағы) бұза отырып өткізілетін митингілерді, шерулерді, жиналыстарды немесе демонстрацияларды ұйымдастыру және оларға қатысу құқыққа қайшы болып табылады және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша 25 тәулікке қамаққа алуға дейін әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Осы әрекеттердің нәтижесінде елеулі залал келтіргені үшін кінәлілер Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша айыппұл не 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түрінде қылмыстық жауаптылыққа тартылатын болады”, – деп қосты Жандос Өмірәлиев.
Осыған байланысты Бас прокуратура қолданыстағы заңнаманың нормаларын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа берілмеуге және заңсыз акцияларды ұйымдастырудан және оларға қатысудан, сондай-ақ оларға жария түрде шақырудан бас тартуға шақырды.