Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барлығын атамыз": Белгісіз біреулер Атырау мектептерінде де атыс болатыны жайлы ақпарат таратты

Әлеуметтік желіде белгісіз біреулер "Атырау мектептерінде атыс болады" деген ақпарат таратты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Аtpress-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Аtpress

Белгісіз біреулер "Конец Атырау" атты Telegram-канал ашып, 26 қаңтарды тұрғындар мәңгіге ұмытпайтынын мәлімдеді. Канал авторлары Binom Alfarabi, Binom Konayev, №38 бен 48 мектептерде барлығын жаппай өлтіретіндерін хабарлады.

"Біз сіздердің мектептеріңізге кіріп, барлығын және әрқайсын атамыз" деп жазылған Telegram-арнада.

Бұған қатысты облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев пікір білдірді.

"Еліміздің, бірқатар қалаларында осындай жалған ақпараттар таратылуда. Құзырлы орғандар тиісті әрекеттер етуде. Атырауда мектептерде сабақ штаттық режимде өтеді. Дегенмен қауіпсіздік шараларын күшейтеміз" деп мәлімдеді ол.

Ал ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қарсы болып жатыр. Облыстық полиция департаменті де бұл жағдайға қатысты пікір білдірді.

"Осы дерек бойынша полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі таңда құзіретті органдармен бірлесіп, осы ақпаратты таратқан тұлғаларды анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бейнебақылау арқылы және оларға жақын жерлерде полиция жасақтарын көбейту арқылы күшейтуге ерекше назар аударылады", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбедегі мектептерде жаппай атыс болатыны туралы хабар тараған еді. Бұдан кейін ата-аналар балаларын мектептен алып кеткен. Көп ұзамай полиция Ақтөбе мектептерінде жаппай атыс шығармақ болған 18 жастағы шетелдіктің ұсталғанын хабарлады. Ол қала мектептеріне қатысты терроризм актісі туралы жалған хабар таратқан. 

Талқылау