Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барлығы 386 миллион теңгедей ақша бопсалаған": Алматыда жекеменшік жатақханалардың бірінде студенттерге әлімжеттік жасалуда деген ақпарат тарады

Әлеуметтік желілерде Алматыда үш жігіт студенттерге өктемдік жасап, ақша бопсалайды деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Egov.press

Желідегі ақпаратқа сай, университет жатақханаларының бірінде үш жігіт студенттерге әлімжеттік жасаған. Kaspi банкінен алған деректер бойынша соның кесірінен 386 миллион теңгеге жуық шығын келген. Олар жастардың банк карталарын тартып алған көрінеді.

Оның үстіне аталған үш адамды Алматының Медеу ауданындағы кейбір полицейлері қорғайды дейді шағымданғандар. 

Фотода студенттердің бірінің арқасы қызарып, соққыдан зардап шеккені байқалады.

Алғашында алғашында бұл жатақхана Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінікі деген ақпарат тарады. Бірақ оны университеттің баспасөз хатшысы жоққа шығарып, Stan.kz-ке түсініктеме берді. Айтуынша, бұл оқиға Абай атындағы ҚазҰПУ-ға қатысты емес және ақпаратқа сәйкес қазіргі таңда құзырлы органдар тарапынан тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

“Аталған тұлғалар Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері емес. Университетте қысым көрсетулер бар деп көрсетілген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Оқу орнында мониторинг жұмыстары жүргізіліп, студенттермен кездесулер жиі өткізіледі. Студенттердің қауіпсіздігі мен тәртібін қадағалайтын арнайы жауапты қызметкерлер бар. Сонымен қатар бейнебақылау жұмыс істейді. Осы мәселеге байланысты студенттердің ата-аналарымен кездесулер ұйымдастырылып, барлық жоғары оқу орындарының студенттеріне қаржылық сауаттылық бойынша кездесулер мен дәрістер өткізілуде”, – деп мәлімдеді оқу орнының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, бұған дейін аталмыш ЖОО-да жатақханадан орын жетпей, шу шыққан еді.

Талқылау