Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Баласын ұратын аналарды түсінбеймін”: Блогер Дана Есеева бала тәрбиесіндегі қағидаларын айтты

Блогер Дана Есеева бала тәрбиесіне қатысты қағидаларымен бөлісті. Өзі алты баланың ортасында өскен Дана үшін көп балалы ана болу – бақыт, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі. 

“Бес баланың анасы болғаныма қуанамын. Әрине, жоспарлы түрде көп балалы ана болдым деп айта алмаймын. Бәрі Алланың қалауымен болды”, – деп “Mom’skий әңгіме” жобасына Дана сырын ашты.

Өзі алты баланың ортасында өскен Дана үшін көпбалалы болу – бақыт. Әсіресе 15 немере, алты бауыры анасының үйіне жиналған кездегі сезімді сөзбен жеткізе алмайды. 

“Мен балаларыма ұрыспауға тырысамын. Дұрыс емес нәрсені ескертемін. Бірақ ұрмаймын”, – дейді ол.

Үйдің қабырғасына сурет салып отырғанын көргенде де балаларына еш ашуланбапты.

“Көп келіншектер: “ертең көршіңіздің үйіне барып бояп тастаса да, күліп тұрасың ба?”деп жазды. Ондай оқиға болмады. Болмаған нәрсе үшін неге күйіп-пісуім керек. Үйдің қабырғасын қайтадан бояп, жөндеу жасауға болады. Ал баланың көңіліне салынған қаяуды ешқашан да кетіре алмайсыз. Әр бала бақытты болуға жаралған. Мен балаларын ұрып, ұрысатын аналарды түсінбеймін”, – дейді блогер. 

Дананың айтуынша, балаларға еркіндік берудің еш жамандығы жоқ. Оған дәлел блогердің өзінің ата-анасынан алған тәрбиесі екен.

Балалық шақта Данаға анасы тым шектен шықса, дауыс көтергенімен, ешқашан қол көтеріп, ұрмаған.

“Психологпен жұмыс істеп жүрміз. Балалық шаққа саяхат жасағанда ешқандай да ұрыс-керістерді есіме түсіре алмадым. Тек тәтті, ерке, еркін кездерімді есіме алдым”, –  дейді ол.

Дана 8-сыныптан бастап мектеп-интернатта тұрған. Отбасынан бөлек кеткен осы сәттерден бастап ол есейіп, өмірге басқаша қарай бастапты.

“Айына 1000 теңге беретін. Оны қалай жұмсайсың, қайда жұмсайсың, өзің біл” деген анасының сөзінен кейін ол ақшаға деген жауапкершілікті түсініп, ұқыпты болуды үйренген.

“Балаларымның әрқайсысына махаббатымды жеткілікті бере алмаймын деген қорқыныш болмады ма?” деген жоба жүргізушісі Айнұр Ілиясованың сауалына блогер: “Менде бұрын сондай ойлар болған еді. Қазір мұндай қорқыныш, уайым бар деп айта алмаймын. Неден қорықсаң, сол болады. Сондықтан мұндай сұрақтармен басымды ауыртпаймын”, – деп қысқа қайырды ол.  

Талқылау