"Баласымен жағаласып жүр": Нұртас Айдарбеков өзін сынайтындарға жауап берді
Өнерлі отбасы мүшесі, продюсер Нұртас Айдарбеков өнерін сынайтын оқырмандарына жауап беріп, не үшін сахнаға шыққанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/aidarbekov_nurtas/
Өнер иесі жұбайы Гүлзира Үсенқызымен бірге үнді әндерін шырқап, ел ықыласына бөленіп жүр. Ол “Әсембике” бағдарламасында өнерлі отбасынан шыққанын жасырмады.
“Біздің тұқымда өнерлі адам көп. Шешем суырыпсалма ақын болған. Әкесі елді аузына қаратқан өнерлі кісі екен. Аптасына бір-екі тойға барып қоямыз. Қолдан келгенше билетіп, көңілдерін көтеріп қайтамыз. "Балаңмен жағаласып, анау-мынау" дейтіндер бар. Біз енді қазақпыз ғой, ал басқа ұлт, мысалы орыстар болса, 50-60 жасында ән айтып шықса да, көтеріліп кете алады. Менталитеттері басқа. Ал біздің қазақ "біреумен жағаласып" деп айтса, ойланып қалады. Менен гөрі Гүлекең қатты уайымдап, екі телефонын алып, желіде жауап қайтарып отырады. Кейде солар үшін ренжіп, жылап алатын кездері де болады. Ондай кезде басу айтып, сабырға шақырамын”, – деді продюсер.
Сонымен қатар жұлдызды әке халық айтқан сынға мән бермейтінін және өнерден қол үзбейтінін айтты.
“Өзімді композитормын деп айта алмаймын. Бірақ қанда бар дүние болғасын кейде өлең жолдарының келетіні рас. Сондай кезде қағазға түсіріп, музыкасын шығарамын. 4-5 әнім дайын тұр. Бәрі де Гүлекеңе арналған. Негізі ойланып қарасақ, мысалы, біреу мұғалім дейік, оның баласы ұстаздық жолды қуса, бұл да жағаласқан болып есептеле ме? Әркімнің өзінің жолы, жөні бар. Дәрігердің баласы дәрігер, мұғалімнің баласы мұғалім болса, оның не айыбы бар? Осылай деп ойладым да, айтқандарды көңілге алмайтын болдым", – деді Қайрат Нұртастың әкесі.
Айта кетейік, "Республика сарайына кіргізбей қойған" деп Нұртас Айдарбеков ұлы Қайрат Нұртастың аяғынан шалушы көп екенін айтқан еді.