Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Балаларыма күніне 50 бет кітап оқытамын”: Ерлан Әшім кәсіпкерлерге бизнес ашудағы басты қағиданы айтты

Кәсіпкер Ерлан Әшім әр адам күніне елу бет кітап оқуы керек дейді. Бұл туралы ол “Ләйлә Сұлтанқызымен сұхбат” тележобасында айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Осы мейрамханаға келген кезде Ерлан мырзаны екі ұлымен көрдім. Бірінің қолында орыс тіліндегі, екіншісінің қолында қазақ тіліндегі тарихи кітап болды. Бұл күнделікті әдет пе?” деп тележүргізуші сұрақ қойды. 

“Иә, бұл балаларыма қойылатын басты талап. Ұлдарымды кішкентай кездерінен бастап кітап оқуға тәрбиеледім. Күніне 50 бет кітап оқымасаңдар, бүгінгі күнің босқа кетті деп санай беріңдер деп үнемі айтып отырамын”, – дейді кәсіпкер. 

Бастапқыда балалар әртүрлі сылтау айтып, әкесіне еркелеп, сөзіне мән бермеуге тырысқан.

“Басында оңай болмады.10 беттен бастадық. Кейде рекорд жасап 100-150 бет оқитын кездері болады.Талай айланы қолданып, бұл әдетті қалыптастырдым”, – деп Ерлан мырза ағынан жарылды.

Сондай-ақ тәжірбиелі кәсіпкер жастардың әр бастамасына қуанатынын жасырмады. Тек кез келген кәсіпкер бизнес бастамай тұрып, нарыққа зерттеу жасау керек. 

“Көп кәсіпкерлер неге бизнес бастап жатқандарын білмейді. Бизнесті бастамай тұрып “бұл бизнес кімге пайдалы? Неге адамдар маған келу керек?” деген сұрақтың кемінде бес жауабын табу керексіз”, - деді ол.

Ләйлә Сұлтанқызының “сіз аффирмация айтасыз ба?” деген сұрағына кәсіпкер: “Иә, айтамын. Таңертең ерте тұрып, бір жапырақ матаны жайып, қолымды жоғары көтеріп, көп аффирмация айтамын. Аффирмацияның көкесі – ол Құранда. Әр сүреде біз өзімізге жақсылық тілейміз, жамандықтан пана іздейміз”, – дейді кәсіпкер. 

Талқылау