Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балаларыма киімді несиеге аламын" : Қызылордада бес баланың анасы бір бөлмелі жатақхананы паналап жүр

Қызылорда қаласының тұрғыны Анар Ыбраева - бес баланың анасы. Бүгінде жас келіншек перзенттерін жалғыз өзі тәрбиелеп, асырап-бағуда. Қазіргі таңда жанұяға баспана мәселесі қиындық туғызып отыр. Көп балалы отбасы жатақхананың жалғыз бөлмесін паналауға мәжбүр. Оның өзі уақытша тұрақ. Бойжетіп қалған қыздары мен ержеткен ұлдарын бір бөлмеге қамаған Анар көпшіліктен көмек сұрайды.

Анар 19 жасында тұрмыс құрған. Күйеуі екеуі көп балалы ата-ана болуды да арман еткен екен. Бірге тіршілік жасап, болашаққа үлкен жоспарлар құрған. Алайда уақыт өте келе ер азамат ішімдікке әуестеніп, отбасының берекесін ала бастаған. Келіншек азаматының ұрып-соғуына біраз уақыт шыдағанын да айтады. Күйеуінің өзгермейтініне көзі жеткеннен кейін, ажырасуға мәжбүр болған.

"2015 жылы күйеуіммен ресми түрде ажырастым. Сол уақыттан бері балаларымды жетектеп, туысқандарымның үйінде тұрдым. Бірақ екі отбасы бір шаңыраққа сыймайтыны белгілі ғой. Сол себепті әкімшілікке үй сұрап бардым. Осы жатақханадан бір бөлмені ұсынды. Қазір осында тұрып жатқаныма екі жылға жуық уақыт болды", – дейді келіншек.

Анардың үлкен қызының жасы 17-де. Ол облыс орталығындағы колледждердің бірінде оқиды. Ең кенжесі – бастауыш сынып оқушысы. Қызылордалық келіншек, балалары өскен сайын шағын бір бөлмені паналау қиын болып бара жатқанын жасырмайды.

"Осы бір бөлмеде барлығымыз тамақ ішеміз, жуынамыз. Балаларым бірге отырып сабақтарын оқиды, бірге ұйықтайды. Әрине, бұл дұрыс емес. Үйіміз өте тар, әсіресе жаздың күні бөлмеде ауа болмай қалады. Балапандарымның әбіржігенін көру мен үшін өте қиын", - дейді ана.

Бүгінде Анар Ыбраева қаладағы сауда орталықтарының бірінде сатушы болып жұмыс жасайды. Мұнан бөлек, балаларға алатын жәрдемақысы бар. Күйеуінен тұрақты көмек жоқ. Бір өкініштісі, жас ананың кең пәтер жалдап тұруға шамасы келмейді. Тапқан таянғаны балаларының киімі мен тамағынан ауыспайды екен.

"Менің айлығым 50 мың теңге. Төлеп отырған несием бар. Балаларым есейіп келе жатыр, қатарынан қалғылары келмейді. Амал жоқ, кей-кезде керек киімдерін несиеге алып беремін. Тіпті, азық-түлік пен дәрі-дәрмекті де несиеге алатын сәттерім болды. Басқа амалым жоқ. Қарызды қарызбен жамап, шықпа жаным шықпаның кейпін киіп отырмыз", – деп ашынады жалғызбасты ана.

Анар жұмыстан босай қалғанда жергілікті әкімшіліктің табалдырығын тоздырудан шаршамайды. Шенеуніктерден жаңа болмаса да, сәл кеңдеу баспана сұрап жүр. Тіпті Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың да қабылдауында болып, мәселесін жеткізген. Бір түйін әлі тарқатылар емес.

Көп балалы отбасыға көмек қолын созам деушілерге арналған реквизиттер: 

Kaspi Bank: 87753817584 

Анар Ибраева

Талқылау