Балалардың құқығын қорғау туралы заңға 35-тен астам өзгертулер енгізіледі
Парламент мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев Қазақстанда балалардың құқығын қорғау туралы заңға 35-тен астам өзгертулер енгізілетіні туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бұл Заң аясында 35-тен астам өзгертулер енгізілетін болады. Оның ішінде ерекше балаларды қолдауға арналған оңалту орталықтарын барлық өңірлерде ашу, ата-анасынан айрылған балалар мен ерекше балалардың үй алуы немесе кезекке тұру мәселесі бойынша оңтайландыру. Сонымен қатар әлеуметтік көмекті зәру отбасыларға жүйелендіру. Жалпы, Заң әлі талқылану үстінде. Өзгерістер мен тролықтырулар енгізілуде", - дейді Елнұр Бейсенбаев.
Айгүл Орынбек: Бала құқығын қорғау маңызды, бұл мәселені президент дер кезінде көтерді
Сонымен қатар, Елнұр Бейсенбаев қазақстанда әлімжеттіктің нәтижесінде көптеген бала жастайынан көз жұмғанын айтты. Ол бірқатар мәліметтер ұсынып, балалардың психологиясына әсер етуге жол бермеу керектігін айтты.
"Мысалы, ҚР Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, еліміздегі оқушылардың 12%-тен астамы жәбірлеуге ұшыраған. Бұл бір.
Екіншіден, өткен жылдың өзінде 143 жасөспірім өзіне қол жұмсаған болса, ал 306 жасөспірім бұған әрекеттенген. Әлем бойынша біздің еліміз балалар арасындағы суицидтен алдыңғы қатарда тұр. Үшіншіден, жұмыс тобы «жәбірлеу» түсінігін, тек ұғым ретінде енгізуді қарастырып отыр, яғни тек алдын-алу шараларын ұйымдастыру, балалар арасындағы профилактикалық жұмысты жасау үшін қажет", - дейді Елнұр Бейсенбаев.