Балаларды қауып жатыр: Атырауда аналар қаңғыбас иттерді ату шарасын қолға алуды талап етті
Атырауда қаңғыбас иттерді атуға бастама жасағандар митингіге шықты. Ретро саябаққа 60-қа жуық адам жиналды, олардың дені әйелдер, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
2021 жылы жануарлар құқығын қорғаушылар иттерді өлтірмей, оларды арнайы қамақтарда ұстауды талап еткен еді. Олардың уәжін ескере келе, ату шаралары әзірге тоқтатылып, қала тұрғындарының нақты арыз-шағымдары бойынша жануарды алып кетуге шешім қабылданған болатын.
Алайда енді "Аналарға көмек" қоғамдық қоры аналармен бірлесіп, иттерді ату шараларын қайта жандандыруды талап етіп отыр. Жиынға қатысушылардың кейбірінің айтуынша, олардың балалары иттерден зардап шеккен.
Водниково ауылының тұрғыны екі жыл бұрын ұлын ит тістеп алғанын айтты.
Павлодар облысында әйелдің көзінше итті атып өлтірген (видео)
Сондай-ақ №21 мектептің жанында осы мектептің оқушысын да ит қауып алған екен. Дәрігерлер тексеруінен өтіп, құтырмаға қарсы укол салған соң бала үйіне жіберілген.
"Төрт күн бұрын болды бұл оқиға. Мен жақын жерде тұрамын. Ұлым жарақат алған баламен бір сыныпта оқиды. Мектепте үнемі бес-алты ит жүреді. Балам үшін қорқамын, сондықтан шараны қайтаруды талап етемін. Иттер көбейіп кетті", – дейді Зухра Ілиясова.
Былтыр Атырау облысында қаңғыбас итерді өлтіруге 47 миллион теңге бөлінсе, оның 25 миллионы облыс орталығына тиген. Қазіргі уақытта бұл жұмыс жүргізілмейді. 2020 жылға дейін қаңғыбас иттерді ату ісімен жеке кәсіпкерлер айналысып келсе, енді бұл функция қалалық ветеринарлық стансаға өткеннен кейін жануарларды қорғаушылар да бұл жұмысқа араласа бастаған.