Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұрттың баласына қарашы": Қазақстандық психолог балаға айтуға болмайтын сөздерді атады

1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні. Осы атаулы датада ата-ана, үлкендер тарапынан балаға айтылмауы тиіс сөздер мен тіркестер, баламен қарым-қатынас қандай болуы керектігі жайлы Stan.kz тілшісі қазақстандық психоаналитикпен сұхбаттасты.

Психоаналитик Шырын Айдарова ата-ана баланың алғашқы ұстазы, бала туған соң ол шексіз-шеткіз әке-шешесіне сенім артатынын, махаббатын беруге ұмтылатынын айтады. Егер ата-ана оны да тиісінше жақсы көрсе, бала ата-анасына да сенеді, қоршаған ортасын да жақсы көріп өседі, дейді маман. 

“Егер ата-ана баласының өз-өзіне сенімді болып өскенін қаласа, оны ынталандырып, мақтап, көтермелеп отыруы керек. Бала дүниеге келгеннен бастап айтылуы тиіс сөздер: “Жарайсың, еңбектеп үйрендің!, "Қасық ұстап үйрендің, алтыным”, "Жүріп үйрендің бөпем!" және т.б.

Баланы нақты әрекеттер үшін мақтаса, олар сенімді болып өседі. 

Одан мектепте баланың ақыл-ой қабілетін ескеретіндей "ақылдысың", "тырысып жатырсың" деген сынды мақтаулар керек.



Балаға айтуға болмайтын сөздер

  • Ата-ана баласына тіл тигізіп, балағаттауына, боғауыз сөздерді қолдануына болмайды. Мәселен: “Жап аузыңды, ақымақ, топас”.
  • Балаларды тұлғасына зиян тигізетін, еңсесін түсіретін сөздер айтпау керек. Мәселен:  “Сенің қолыңнан келмейді”, “Ары тұр, жағаласпа”, “Тағы бір рет 2 алсаң, тамақ ішпейсің, далаға шықпайсың”.
  • Баланың өзін кінәлі ететін, сенімсіздікті ұлғайтатын сөздер: “Бәрін сен бүлдіріп жүресің”, “Жұрттың баласына қарашы”.
  • Ескерту, ұрысқан кездерде, баланың өзін емес, іс әрекетіне қатысты сын айту қажет. 

Ата-ана бойындағы қорқыныш пен сенімсіздік балаға да беріледі. Ата-ана психологиялық тұрғыда сауатты болса, бала да өзіне сенімді болып өседі. 

Баланы жауапкершілікке үйрету үшін оңай, кішігірім тапсырмалар беру қажет, дейді психоаналитик.

“Әкеңе құралдарды ұстап тұруға, анаңа үстел жасауға дайындауға көмектесіп жібер” деген сынды тапсырмалар беру керек. Мұндай кішігірім жүктемелер балаларды жауапкершілікке тәрбиелейді.

Бала өз-өзін бағалау үшін оның бойындағы артықшылықтарын айтып отыру қажет. Қандай ақылды, көңілді екенін еске салып отырған жөн.  Баланы нақты әрекеттер үшін мақтаса, олар сенімді болып өседі. Одан мектепте баланың ақыл-ой қабілетін ескеретіндей "ақылдысың, тырысып жатырсың" деген сынды мақтаулар керек”, - дейді ол.

Балаларға таңдау құқығын, еркіндік беру керек

"Тату-тәтті отбасында ғана бақытты балаларды тәрбиелеп өсіруге болады. Бұл материалдық жағдайға тәуелді нәрсе емес. Бұл ата-ананың психологиялық жағдайына байланысты. Ата-ана өзіне сенімді, толыққанды қалыптасқан болса, олар өздеріне сенімді, өз бетінше әрекет ете алатын, қоршаған ортаға сенімі бар балаларды өсіреді. 

Сондай-ақ, балаларға таңдау құқығын, еркіндік берген дұрыс. Оның тамақ таңдауда, мәселен, алма немесе алмұрт арасында не жегісі келеді, қандай киім кигісі келеді және т.б. жағдайларда ойын тыңдау қажет. Осы арқылы бала өздігінен әрекет ете алатын болады. Бала әрқашан өзінде таңдау құқығы бар екенін білу керек. "Бала айтқан тілді алу қажет, біздің айтқанымыздан шықпау керек" деп айтқанда, ата-ана бөтен ойға тәуелді, зорлыққа қарсы тұра алмайтын, әлсіз, өз пікірін дәлелдей алмайтын бала өсіреді", - дейді психолог. 

Айтуынша, маманның көмегіне жүгінгендер - ата-анасы тарапынан бала кезінде жиі сөз естігендер.

"Психологқа консультацияға келгенде адамдардан бала кезде ата-анаңыз қандай сөздермен мақтап, қандай сөздер айтып ұрсатын деген сұрақ қоямын. Көп адам жақсы сөз бен тіркестерді есіне түсіре алмайды, тек тіл тигізген, жаман сөздерді айтып жатады. "Ата-анам жиі мақтайтын" дейтін адамдар сирек кездеседі. 

Осы сұрақты әрбір ата-ана өзіне қойып көру керек. Қазір балаларыңызды қалай мақтайсыз? Балаңыз писхологқа келсе, ата-анасы жайлы не деп айтады? Осы туралы ойлану қажет", - деп қорытындылады ойын маман. 

Біле жүріңіз! Балаға айтуға болмайтын сөздер. ##stankz ##балаларкүні ##балалар

♬ оригинальный звук - STAN KZ

 

Талқылау