Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Совет өкіметі кезінде онкологиялық ауруға шалдыққан бала ары кетсе жарты жыл өмір сүретін: Қазақстанда обырға шалдыққан балаларды қазір қалай емдейді?

"Аты жаман ауру" диагнозын естігенде кімнің болмасын салы суға кететіні анық. Ал мұндай дертке балалар мен жасөспірімдердің шалдығуы тіпті ауыр. Совет өкіметі жылдары қатерлі ісікке шалдыққандарды "адам болмайды деп" үйлеріне қайтаратын. Тек тәуелсіздік жарияланғаннан кейін осы саладағы қадамдар оң нәтиже бере бастайды. Бүгінде онколог мамандардың айтуынша, қатерлі дертті емдеуге де, оны бастапқы кезеңінде-ақ анықтауға әбден болады. Балаларда кездесетін онкологиялық аурларды алдын алу мен емдеудің заманауи әдіс-тәсілдері қандай, 30 жылда нендей өзгерістер болды?  Stan.kz тілшісі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының №3 балалар онкология және гематология бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Булабаевамен тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстандағы онкология саласының дамуы жайлы сұхбаттасты.

  ҚР Денсаулық сақтау үздігі, жоғары санатты онколог-гематолог дәрігер Гүлнәр Ержанқызының қатерлі ауруға шалдыққандарды емдеу ісінде 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Жұмыс уақыты кешкі 5-те бітсе де, үйге ерте қайтқаны сирек. Себебі балалардың жағдайын үйге қайтар алдында көріп, бақылап кету қажет, дейді ол. Дәрігер қолдан келгенше көмегін беруді борышы деп санайды. 

Совет өкіметі кезінде қатерлі ісікке шалдыққандарды "адам болмайды" деп қайтаратын

  Ал қазіргі таңда онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балаларға көмек беру, емдеу мүмкін болды, дейді дәрігер.

"Медицина саласында 26 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бала кезден ақ халат киіп, балаларды емдеуді армандайтынмын. Екінші арманым, есепші-бухгалтер болу еді. Әкем есепші болып жұмыс істегендіктен өзінің жолын қуғанымды қалады. Медицинаның ішінде онкология саласын таңдадым. Сол жылдары С.Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетін бітіріп келген кезде гематология саласы Қазақстанда енді ғана жаңадан дамып келе жатқан еді. "КЭР-Германия" қорының көмегімен, профессор Күлән Омарованың басқаруымен 1993 жылы елімізде тұңғыш рет онкогематология бөлімі ашылды. Міне, биыл балалар онкогематологиясы саласының елімізде құрылғанына 28 жыл толады", - дейді Гүлнәр Ержанқызы. 

1993 жылға дейін, яғни балалар онкогематологиялық орталығы ашылғанға дейін бұл ауру айықпас қатерлі дерт ретінде саналды. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы — лейкозды емдеудің халықаралық хаттамасын енгізу болды. Сонау қиын кездері ТМД елдері мен Орталық Азияда ғане емес, елімізде тұңғыш  рет онкогематологиялық орталығы ашылып, алғаш рет Австрия мен Германияның халықаралық BFM бағдарламалық емдеу жүйесі енгізіліп, қолданыла бастады.  "BFM" хаттамасы – Берлин, Франкфурт, Мюнстер қалаларының ғалымдары балалардың  онкологиялық ауруын емдеу мақсатында арнайы құрған бағдарлама.  Бұл әдіс күні бүгінге дейін елімізде қолданылып келеді. 

Гематология саласына түрлі қатерлі қан аурулары кіреді. Олардың ішіндегі ең қауіптісі "лейкоз", дейді дәрігер. Оны медицинада қан обыры, лейкемия деп те айтып жатады. 

"Елімізде Совет өкіметі кезінде бұл ауруды емдемейтін. Тиісінше мұндай аурумен шағымданып келген науқасты дәрігерлер "адам болмайды" деп, үйіне қайтаратын. Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының "Онкогематология" бөлімі ашылған уақыттан бері қауіпті кеселдің алдын алу, науқасты емдеумен біздің орталық айналысып келеді", - дейді маман.

Жалпы Педиатрия орталығының көмек ұсынатын бағыты – бұл балалар онкологиясы және гематологиясы, трансплантология, неонатальды хирургиясы бар неонатология, пульмонология, гастроэнтерология, кардиология, ревматология, торакальды және абдоминальды хирургия, кардиохирургия, урология.  


 Оралдық азамат жылдар бойы дәрігерлердің қателігінен онкологиялық аурумен күресіп келген


  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дәрігерлер жетіспеді

Қазақстанда онкологиялық дерттерді емдеу әлемнің 30-дан аса елі қолданатын халықаралық протокол бойынша жүргізеледі. Тәуелсіздікке дейін қатерлі ісік дертін емдеудің арнайы протоколы болмаған, сондықтан мұндай детке ұшыраған балалар тез шетінейтін.

"Совет өкіметінде дәрігерлердің қолынан бар келетіні баланың өмірін ары кетсе алты айға ұзарту болса, қазіргі кезде оның толық сауығып кетуіне мүмкіндік туындады. Әрине, Қазақстан үшін қиын-қыстау кезеңде салалық орталықты ашу оңайға түскен жоқ. Біздің онкология бөлімі Тәуелсіздік алған қиын кезеңдерде Елбасы мен "КЭР-Германия" қайырымдылық қорының екі жақты келісімінің арқасында ашылды. Қайырымдылық ұйым керекті құрал-жабдықтармен, бір жылға жететін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті", - дейді Гүлнәр Ержанқызы.

 Бөлім құрылған алғашқы жылдары дәрігерлер жетіспеушілігі туындаған. Неміс дәрігерлері мамандарды өз елдеріне апарып тәжірибеден өткізеді. 

Дәрігердің айтуынша, ол кездері балалар онкогематологтары мүлдем болмады десе болады. 

"Алғашқы жылдары басқа сала мамандары тартылса, қазіргі таңда өз елімізде де онкогематолог мамандары даярлануда. Педиатрия орталығында онкология және гематология мамандықтары бойынша резидентура бар. Орталық дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру бойынша дәрістерді де беріп келеді. Қазір сондай-ақ, жас мамандардың шет елде білім алу мүмкіндігі туды. Әртүрлі шет елдің жетекші онкогематологтары орталыққа келіп шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады. Бүгінгі күні Ресей, Беларусь Республикасының  онкогематологиялық орталықтарымен меморандумдар жасалды. Бірнеше жыл бойы Германия, Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШ, Чехия ғалымдарымен белсенді ынтымақтастық байланыс орнатылған", - дейді дәрігер. 


Дәрігер: Коронавирус қатерлі ісік жасушаларын өлтіруі мүмкін 


Орталықта химиотерапия курсын аяқтаған балалардың тұрғылықты жері бойынша қадағалайтын облыстық онкогематологтармен байланыс орнатылды. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде қазіргі уақытта республиканың барлық облыстарынан онкогематологиялық аурулармен ауыратын барлық бала есепте және бақылауда тұр.
Соңғы 28 жыл ішінде онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балаларға көмек беру бойынша жетістігі әлемдік стандарттар деңгейіне жетті. Заман талабына сай, орталық жаңа технологиялармен жабдықталды. Біздің орталықта балалар мемлекет есебінен тегін емделеді. Соның ішінде: лимфопролиферативті жүйе, гемобластоз, тығыз ісіктер, тұқым қуалайтын синдромдар, иммундық тапшылық жағдайлар және т.б. аурулардың диагностикасы және емі жүргізіледі. Орталықта әртүрлі онкологиялық және гематологиялық аурулары бар балаларды диагностикалау және емдеу үшін 108 төсек-орын бар.



Бала дертке шалдыққанын білуі тиіс пе?

Гүлнәр Булабаева ата-ананың жауапкершілігінің маңыздылығы жайлы айта келе, өз тәжірибесін болған 15 жастағы жеткіншектің оқиғасын тілге тиек етті. 

"15 жастағы қыз бала ақ қан ауруына  шалдығады. Әкесінің ерке қызы болған соң ол кісі маған қызына ауруы туралы айтпауын өтінеді. Әрине, әрбір ата-ана баласының жүрегінің ауырмауын қалайды. Ақырындап өзім жеткіземін, деді. Мен келісіп, қалай да айтуын сұрадым. Әкесі айтқысы келмей, ұзағынан созды. Нәтижесінде обыр аурына тән белгі – шаш түсуі басталады. Шаш әр адамда әртүрлі: кейбірінде көп, кейбірінде аз-аздан түседі. Әлгі қыздың шашы керемет әдемі еді. Қызы жүгіріп келіп менен: - "мынау не?" деп сұрады. Неге маған айтпадыңыз деп ашуланды, ренжіді. Өйткені, шашы түбінен бастап түсе бастаған еді. Салы суға кетіп, өз-өзін тастап жіберді, күресуді қойды. Тіпті тыйым салынғанды істеп, бәрін керісінше жасап кетті. 

 Осы жағдайдан кейін, түйгеніміз, әр баланың өзінің жоспары, ойы, арманы болады. Егер балаға дерті туралы айтылса, ол күресуге дайын болар еді, іштей ауруханада ұзақ жататынын түсінер еді, аруды жеңу үшін өз-өзімен жұмыс істейтін еді. Әрине, диагноз  пациенттің жасына байланысты емес, қабылдауына, есі кіргеніне байланысты айтылады. Өйткені ол бір күнде немесе бір айда жазылып кететін ауру емес. Ем ұзақ уақытты талап етеді, сондықтан оған дайын болу керек. Біз бірақ, алдымен бірінші баланың ата-анасына хабарлаймыз, содан соң ғана балаға айтылады", - деп еске түсірді дәрігер. 

Кез келген ата-ана баласының обырға шалдыққанын білгенде шок алып, қатты күйзеліске түседі. Ондай жағдайда, Педиатрия орталығында арнайы психолог мамандар жұмыс істейді. Қатерлі дертке шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарына психологиялық көмек ұсынады, ауыр дертті жеңуге көмектеседі. Олар шерлерін де, сырларын да осы мамандарға ақтарады. Психолог мамандар науқас балалардың екінші анасындай болса, ата-аналардың сырласына айналады.

"Бала 3, 4 жаста және одан кішірек болса, оған дерті жайлы айтпай-ақ қойса да болады. Егер ол үлкендеу, есі кірген, түсінетін болса, оларға жіті түсіндіріп, толыққанды жеткіземіз. Жеткіншек, жасөсіпірімдер болса, психологтармен бірге айтамыз. "Сен мықтысың, ауруды жеңесің" деп балаға сенімділік ұялату қажет. Сол кезде бала бізге де сенім артады, өзі де күреседі", - дейді Гүлнар Ержанқызы.

 

Үш күнде диагноз қойылады

Әдетте, диагноз үш күнде қойылып, осы уақыт аралығында ата-анасы баласының дерті жайлы біледі. Диагнозды анықтау процесінде жілік майы, толық қан талдауы, иммунофенотиптеу, цитогенетикалық талдаулар алынады. 

 "Балаларға тән қатерлі ісіктер түрі ересектерде кездесетін қатерлі ісіктерден гистологиялық, клиникалық, биологиялық сипаттамасы бойынша және қолданылған емнің нәтижесіне байланысты ерекшеленеді. Қатерлі ісікпен науқастанған баланың толық сауығуы аурудың ерте сатысында анықталуына, медициналық көмектің уақытылы көрсетілуіне және халықтың осы жайлар туралы хабардар болуына тікелей байланысты.

 Лейкоз, тағы басқа қан ауруларында әлсіздік байқалады, баланың тәбеті болмайды. Терісінде өзгерістер, көгерген іздер, петехия (қызыл түйіршіктер) шығып кетеді. Оны көп ата-ана байқамайды. Мұрны қанаса, күннің астында көп жүріп қойған шығар деп жүре береді. Қан талдауы тапсырса, мұның  уақытша симптом ба, әлде тұрақты түрде сондай жағдай ма белгілі болады", - дейді дәрігер. 

Жалпы нәресте туа сала скринингтен өте алады. Тұрғылықты жерінде жасына сай невропотологтың, окулистің және т.б. салалық мамандардың консультацияларын алып отыруы керек. 

"Бұдан бөлек, әрбір ата-ана баласына ерекше көңіл бөлу қажет. Шомылдыру кезінде, қалыпты күнделікті өмірде байқалып тұрған белгілеріне мән беруі тиіс. Жүгіріп жүрген бала жатқысы келіп тұрса, учаскелік дәрігерге барып қан анализін тапсырса, көрінеді. Себебі лейкоз бір күнде пайда болмайды. Симптомдар білінеді, алайда тек асқынғанда ғана жүгінеді. Қан сараптамасын тиісінше уақытылы қарамай, ем қабылдап жүргенде, басқа ауру асқынып жатады", - дейді маман. 



Балалар дерттерінің ішіндегі ең қатерлісі әрі жиі кездесетіні "лейкоз"

 Қазір онкология мен гематология біріккеннен бері, орталық онкологиялық ауруларды да емдейді. Балаларға қойылатын диагноздың бірі ретинобластома (көз торының обыры) дерті де қазір фото арқылы білініп жатады екен. Телефонға түсірілген суреттерде баланың көзі жанып тұрады. Бұл ауруды ерте анықтаса, химиятерапиямен емдеуге болады. Ал ауыр деңгейлерде көзге ота жасап, алып тастап жатады, дейді дәрігер. 

Айтуынша, бала ойнап жүріп құлағаннан кейін ауруханаға барған кезде ғана обыр анықталады. 
Онкологиялық аурулар ішіндегі тағы бірі – нефробластома (бүйрек обыры). Ол өте үлкейіп кеткен іш-құрылысындағы ісік көрінеді, оны көзбен байқауға да болады. 

"Біз 0 жастан 18 жасқа дейін балаларды емдейміз. Әр ауру белгілі бір жастағы балаларда жиі кездеседі. Остеосаркома (сүйек ісігі) – бұл аурумен жеткіншектер мен жасөсіпірімдер ауруға бейім. Аурудың себебін жарақаттармен байланыстырады. Кез келген спорт түрлерімен айналысып жүрген балалар жарақат алып, ауырып келеді. Сол кезде компьютерлік томографиядан (КТ) сүйекте ісік көрінеді. Ал жас балалар бейім ауруға нейробластоманы жатқызуға болады. Бала жатырда жатқан кезде-ақ ісік пайда бола бастайды. 

 Ал онкологиялық аурулардың ішінде ең жиі кездесетіні – жедел лейкоз. Одан кейін орталық нерв жүйесі ісіктері, бүйрек ісктері, көздің қатерлі ісігі, сүйектің қатерлі ісігі  және т.б", - дейді Гүлнар Ержанқызы.

 Онкогемотологтың айтуынша, бала күйзелісте болса, инфекция түссе, жүйкесі ауырса немесе дұрыс тамақтанбаса, ісік жасушаларын ағза обыр жасушалары деп қарастырмайды, сәйкесінше, олар ағзаға еніп кетеді. Ал обыр жасушалары тез көбейеді, содан соң ауру басталады.

"Лейкоздың ең жиі таралған ауру болуының нақты себебі бар деп айту қиын. Бірақ ол баланың денсаулығына байланысты. Кез келген онкологиялық аурудың не себепті пайда болғанын білу, анықтау қиын.

Жілік май – қан жасушаларының жүрегі. Осы жерде қан жасушылары мутацияланса, лейкоз пайда болады.  Неге балалар аталған аурулармен жиі ауыратынын айту қиын, бұл ағзаның осы ауруға бейім екенін көрсетеді", - дейді дәрігер. 

 

Ата-аналардың реакциясы мен жауапкершілігі

Ата-аналардың реакциясы мен жауапкершілігі

 Баланың қандай дертке шалдыққанын анықтап, толықтай диагноз қойылғанда ата-анасын шақырып сөйлесеміз, дейді маман. 

"Оларға диагнозды қандай негізде қойып жатқанымызды, себептерін, емдеу жолдарын айтамыз, оның ұзақтығы, ауру қанша уақытқа созылуы мүмкін екенін, терапия қабылдау кезінде қандай асқынулар болатынын түсіндіреміз. Міндетті түрде аман қалу мүмкіндігінің статистикасын айтып береміз. Ата-ана осы ауру жайлы толықтай ақпарат білуі керек. Себебі баланың дерті қайталануы немесе асқынуы мүмкін, бәріне дайын болу қажет. Балалар кез келген инфекцияны тез қабылдайды. 

Ата-анадан толықтай емдеу курсына алып келіп жүруі тиістігі туралы қолхат аламыз. Аурудың салыстырмалы түрде ең жеңіл түрінің емі 7-8 айға созылады. Бір жарым жыл бала үй жағдайында дәрі-дәрмекпен емделеді. Егер ауру, бес жыл ішінде қайталанбаса, бала  жазылды деп саналады", - дейді дәрігер. 

 Онкогемотолог кейде көп балалы ананың баласының бірі ауырса, қиын жағдайға тап болып жататынын айтады.

"Бір баласымен ауруханада ұзақ жатқан ана үйдегі балаларын уайымдайды. Әрине, бұл олар үшін өте ауыр. Кейде отбасылардың да шаңырақтары шайқалып жатады. Сондықтан бәрін алдын ала айтып, туындаған сұрақтарына жауап береміз. Өйткені ата-ана алдағы 7-8 айға жоспар құруы керек", - дейді ол. 

 

Қатерлі ісік ауруларын алдын алу

  Халық арасында онкология аяқ астынан келетін дерт ретінде қабылданады. Себебі пациенттер дерті жайлы көбіне емге жарамайтын деңгейге жеткен кезде біліп жатады. Осы орайда ағзадағы өзгерістерді қалай байқап үйрену керек? 

 "Әр ата-ана балаларда да қатерлі ісік болатынын ұмытпауы керек және ол аурудың клиникалық сипаттамалары басқа да аурулардың, инфекциялық белгіліріне ұқсас болуы мүмкін.  Баланың бойындағы ауру сезімдеріне ерекше мән беру керек. Денесінде ісік жұмсақ тінде, сүйекте, іште және ағзаның басқа бір жерлерінде байқалса, ол ісік ауырмайтын болса да,  тез арада дәрігер маманға көрсету керек.

 Шын мәнінде, онкологиялык аурулар бір күнде пайда болмайды, сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралып, скринингтен өту әр азаматтың жауапкершілігінде. Сол кезде ағзадағы өзгерістерді ерте байқауға болады, осылайша, қатерлі дерт ерте анықталса, ерте жазылады. Қатерлі ісікке шалдықпаудың, оны алдын алудың жолдары –  салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, уақтылы дәрігерге қаралу, скринингтерден өту", - дейді Гүлнәр Ержанқызы. 
 

Онкологиялық аурудан емделуге адамның психологиялық жағдайы әсер ете ме?

Дәрігердің айтуынша, ата-ана қаншалықты дұрыс қатынас орнатып, баласына жақсы көңіл бөлсе,  соғұрлым бала тез жазылып кетеді.

"Егер баланың ата-анасында ауруды жеңіп шығамыз деген позитивті қарым-қатынас болса, міндетті түрде ем жақсы өтеді. Ата-анаға диагноз қойғаннан бастап, баланың анасына "Балаңызға медбике боласыз" деп бірден айтамын. Дене қызуын, қан қысымын бақылап отыруға, тамақ ішкенін, үлкен-кіші дәретін қадағалауын сұраймын. Себебі мұның бәрі маңызды және дәрігерге айтылуы керек. Жақсы қарым-қатынаста болып, дұрыс түсінсе, ем де жақсы өтеді. Алайда кейде ата-ана сенімсіздік танытып жатады. Жағдайы жақсарған пациенттер өте көп. Мәселен, жақында 24 жастағы бізде ем қабылдаған біздің пациент орталығымызға келіп, балалардың жағдайын көріп, ата-аналарға үміт пен сенім сыйлап кетті", - дейді маман.  


"Қазір жымиғанын, бала болып ойнағанын сирек көресің": Қан обырына шалдыққан 5 жастағы балаға көмек керек 


Қазақстанда мықты онколог-мамандар бола тұра, қазақстандықтар неге шетелге ем іздеп кетеді?

 "Өз елімізде де мықты балалар онкогематолог-мамандары бар. Олардың бірі ретінде біздің мықты дәрігерлер – профессор Күлән Омарованы атап өтуге болады. Бүкіл әлемде қатерлі дертті емдеуде бір халықаралық протокол қолданылады. Шетелде де, өз елімізде де бір ем. Десе де кейбір қазақстандықтар ақша жинап, шетелге ем іздеп баратыны белгілі. Оның себебі әpтүpлі, кейбірі Қазақстанда осы салада емнің барын білмей кетеді, кейде білсе де, шетелде ем мықтырақ деп ойлайтындар да бар. Бірақ ол – қате түсінік. Себебі шет мемлекет те, бізде қолданылатын бір протоколға, бір әдіске негізделген ем шаралары қолданады", - дейді балалар дәрігері.  


Дамыған заманда қатерлі ісікке қарсы қандай жаңа әдіс-тәсілдер енгізілуде?

 Елімізде балалар онкологиясын емдейтін екі республикалық орталық бар. Оның бірі Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі – астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы. Гүлнәр Ержанқызының айтуынша, елімізде енгізілген жаңа әдіс арқылы жүзден аса балаға ота жасалды, сәйкесінше қаншама бүлдіршіннің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды. 

 "2012 жылы Қазақстанда бірінші рет онкогематологиялық патологиясы бар балаларды емдеудің жоғары технологиялық әдісі – дің жасушаларын гемопоэздік трансплантациялау енгізілді.  Дің жасушасын (стволовая клетка) ауыстыру өте күрделі ота саналады. Бұрын бұл тәсіл көбінесе шет мемлекетте жасалатын. Педиатрия орталығында 2012 жылдан бастап сүйек кемігінің ішіндегі аллотрансплантация және аутотрансплантация отасы 100-ден аса балаға жасалды. Бүйрек, бауыр ісіктерін резекциялау, сүйек ісіктері үшін модульдік типтегі ірі буындарды эндопротездеу сияқты қатты ісіктерге арналған орган сақтайтын хирургиялық араласулар енгізіліп, жүзеге асырылады, бұл мүгедектікке әкелетін оталардың санын азайтады және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартады", - дейді дәрігер.

 Ал 2014 жылдан бастап балалардағы қатерлі сүйек ісіктері кезінде буындарды эндопротездеу бойынша орган сақтайтын ота жасау енгізілген. 6 жыл ішінде 50-ден эндопротездеу отасы жасалды. Жыл сайын Педиатрия орталығында 1500-ден астам ота жасау жүргізіледі екен. 

 Республикамызда "Қазақстан Республикасында балалар онкологиялық және гематологиялық қызметін жетілдіру" Жол картасы іске асырылуда. Қазір диагностикалау, ерте анықтау әлдеқайда жақсарды. Балалар онкологиялық және гематологиялық қызметінің біздің елімізде дамуы көптеген кішкентай балалардың сауығып кетуіне мүмкіндік беріп отыр.


           Көп жас дәрігерлер бұл салаға шыдамайды

Әр дәрігер маманының жұмысының  өз алдына ерекшелігі бар. Онколог-дәрігердің айтуынша, жұмысы физикалық жөне психикалық тұрғыда өте ауыр. Сондықтан да көп жас дәрігер бұл салаға шыдамайды. Ал, жалпы медицина қызметкерлерінің қызметі қиындығы да, ауыртпалығы да мол мамандық.

"Күн-түн демей жұмыс істейміз, уақытқа қарамай, кез келген уақытта телефон қоңырауына жауап береміз. Бірақ дертінен құлан-таза айығып шыққан балалардың  қуанышын көргенде, ата-анасының алғысын алғанда, жасаған еңбегіңнің еш кетпегенін көргенде арқама қанат біткендей болады", - дейді Гүлнәр Булабаева. 

Айта кетейік, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы 1932 жылы құрылған, балалар денсаулығын қорғау саласындағы республикалық маңызы бар жетекші ғылыми-зерттеу медициналық ұйым. 

Клиникада 285 төсек-орын қоры бар (олардың 5-і күндізгі стационарға тиесілі). Жыл сайын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында  Қазақстан Республикасының әр өңірінен жаңа туған нәрестеден 18 жасқа дейінгі 6000-ға жуық бала ем алады. 


 

Талқылау