Ақмолалықтар Мемлекеттік рәміздер күнін салтанатты түрде атап өтті

Көкшетауда Мемлекеттік рәміздер күніне орай көлемі 10х20 метр болатын алып Көк Ту жайылды. "Kokshe Arena" спорт кешенінде өткен мерекелік шараға жүздеген тұрғын қатысып, Мемлекеттік Ту ұстап сап түзеген жастар мен курсанттар патриоттық рухты айшықтады. Салтанатты жиынға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.

Мерекелік шара "Томирис" патриоттық клубының барабаншы қыздарының әсерлі өнерімен басталды. Азаматтық қорғау академиясының курсанттары аренаға көлемі 10х20 метр болатын алып Мемлекеттік Туды салтанатты түрде жайып шықты. Ал кешеннің айналасына қолдарына Көк Ту ұстаған жастар сап түзеп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Елдік рухты асқақтатқан бұл көрініс мерекенің басты символына айналды.
Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Марат Ахметжанов мемлекеттік рәміздердің ел өміріндегі маңызына тоқталды.

"Бұл күн — әрбір қазақстандықтың бойында мемлекеттік рәміздерге деген құрмет сезімін оятатын күн. Біздің рәміздер тек қана ресми белгілер емес, болашағымыздың темірқазығы. Біз елдік пен ерліктің символы саналатын туымызды әрқашанда биік ұстаған елміз. Көкбайрағымыз әлемнің ең беделді биіктерінде, дүбірлі спорт ареналарында желбіреді, ғарышқа сапар шекті, бүкіл әлемді айналып шығып, әлемнің ең биік шыңдарында қадалды. Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын!" – деді облыс әкімі.
Шара барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғам өміріне елеулі үлес қосқан бірқатар ақмолалықтар мемлекеттік наградалармен және облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты жиында Ақмола облысы Волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Дидар Хамзин де сөз сөйлеп, жастар арасында патриоттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын атап өтті.

"Біздің мемлекетіміздегі рәміздерді ұлықтау, патриоттық сезімді кернеу — әрбір волонтердің ерен еңбегі, негізгі атқарып отырған жұмыстары. Алдағы уақыттарда көптеген бағыттарда жұмыстар жасап, өзіміздің өмірімізді тек қана мемлекеттің ішінде ғана емес, халықаралық аренада туымызды желбіретіп, елтаңбамызды көтере отырып, әнұранымызды шырқаймыз деген сенімдеміз", – деді Дидар Хамзин.

Мерекелік жиында жас буын атынан сөз сөйлеген "Тіл – тәуелсіздік символы" республикалық қазақ тілі олимпиадасының және "Абай оқулары" қалалық байқауының жеңімпазы, Көкшетау қаласындағы №11 мектептің оқушысы Екатерина Фот мемлекеттік рәміздердің маңызы туралы өз ойын білдірді.
"Мемлекеттік рәміздер — бұл жай ғана белгілер мен атрибуттар емес, бұл біздің тарихымыз және біздің бүгінгі жарқын болашағымыз. Әлемдік ареналарда біздің көк байрағымыз көтеріліп, бүкіл дүниежүзіне еңселі Әнұранымыз шырқалған сәтте, әрбір қазақстандықтың жүрегін ерекше мақтаныш сезімі кернейді", – деді Екатерина Фот.

Іс-шара өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Патриоттық әндер шырқалып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара елдік құндылықтарды дәріптеп, жастардың бойында отансүйгіштік рухты нығайтуға бағытталды.

Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр