Алматы облысында мұғалімдер мектептің жөндеу жұмыстарына тартылғандарын айтып шағымданды

Алматы облысында әлеуметтік желі арқылы мектептегі заңсыздықтарға шағымданған мұғалімдердің мәлімдемесіне аудан әкімдігі жауап берді. Шенеуніктер педагогтердің жөндеу жұмыстарына тартылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін педагогтер әлеуметтік желіде шағымдарын жариялаған. Мұғалімдердің сөзінше, кейбір кабинеттерге қажет заттарды өз қалтасынан алуға тура келген. Сонымен қатар олар мектепте жұмыс істемейтін қызметкердің ресми түрде тіркелгенін айтып, кезекшілікке қойылған қызметкерлердің таңғы сағат 07:00-ден кешкі 18:30-ға дейін жұмыста отыруға мәжбүр екенін жеткізген.
Алайда аудан әкімдігі мұғалімдердің жөндеу жұмыстарына тартылғаны туралы ақпаратты растамады. Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған видеода демеушілердің қолдауымен жүргізілген жұмыстар көрсетілген. Ал мектептегі жөндеу жұмыстарын мұғалімдер емес, арнайы шақырылған дәнекерлеушілер атқарған.
Сондай-ақ әкімдік мұғалімдердің еңбек құқықтарының бұзылғаны және мектепте іс жүзінде жұмыс істемейтін қызметкерлердің бар екені туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін де алға тартты.
Мемлекеттік органның мәліметінше, жағдайды жан-жақты зерттеу үшін мұғалімдер арасында анонимді сауалнама жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша еңбек заңнамасының және қызметкерлер құқықтарының бұзылу фактілері анықталмаған.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр
Оқыңыз