"Бала мен келінге күнім түсіп тұрған жоқ": Айдарбекова елдің сынына жауап берді
Ұлы мен келінін алып, демалысқа шыққан Гүлзира Айдарбекова "жастардың жанынан қалмайды" деп сынға қалды. Желі қолданушылары продюсерді ұлы мен келінінің бал айына еріп барды деп айыптаған. Ал ұлдарын ер жеткізіп, қызық көрер шаққа келгенде елден сөз естіген Айдарбекованың жұртқа берер жауабы бар, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.
Кенже ұлын үйлендіргелі Айдарбекова жас жұбайлармен жиі көзге түседі. Жуырда Түркияға бірге барып келсе, жаз айларында Алматының маңындағы демалыс орындарында өткізуде. Айтуынша, о бастағы жоспар бойынша Заңғар мен Жібек Нұр-Сұлтан қаласында бөлек тұруы керек болған. Алайда анасымен бірге тұруды жастардың өзі қалапты.
"Негізі Заңғар мен Жібек бөлек тұрулары керек болған Астанада. "ЖҰМАҚ ананың табанының астында, анашым, біз сізді алақанымызға салып, қас-қабағыңызға қараймыз" деп жаныма келіп алды. "Анашым, керемет жер екен, барып қыдырып қайтайық" дейді екеуі кейде қиылып. "Жоқ, мен келесі жолы барамын, өздерің барып қайтыңдар" десем, "онда біз де сол сіз барған кезде барармыз" деп бармай қалып жатады", – дейді Айдарбекова.
Әйтсе де, Гүлзира ханымның әр әрекетін бақылап отыратын фолловерлер мұнымен тоқтай қойған жоқ. Олардың бірі продюсерді ортаншы ұлының бал айына жастармен бірге аттанды деп айыптаған.
"Бал айларына бармадым, Аян мен Айгерім кемемен біраз елді аралап қайтты. Артынан Тайландқа мені қоярда қоймай алып барды, папамыз шетелге бармаймын деген соң, құрбым екеуімізді. "Бақытты сәттеріңізді кейін кеш болмай тұрғанда көргіміз келеді" деп. Заңғар мен Жібектің тойлары болмай тұрғанда, мінезіне қанық болу үшін, өзім алып бардым. Артынан Түркияға бірге барсам, екеуіне жұмыс ашып берейін деп, бір жағы демалып, бір жағы жұмыспен бардық. Содан соң да екеуі жеке барып демалып қайтты. Жүрек таза болған соң, жеке де барып үлгерді.
Өз балаларымды өзімнен қызғанған, қызғаныш болып жатса, ол өздеріңіздің балаларыңыздан жетіспейтін іштегі мұңмен келген қызғаныш. Солай қалауынша демалып жүргендеріне мүмкіндіктің бастамасы ата-ананың септігі екенін түсініп жатса несі айып?
Ұрпағымыздың жақсы өмір сүруі үшін о бастан мұзды аяқ болып қыс демей, төбемізден күн өтті демей ыстықты да елемей Нүрекең екеуіміз не істемедік. Туылған кездерінен бастап баспанасыз тұрған жоқ, жылы төсектері, қыдырса астыларында көлігі, жылы киімдері, ыстық тамақтары ешнәрседен кем қылмадық. Жұмыс бастаймын десе жағдайларын жасап, көмегімізді беріп, түн ұйқымызды төрт бөліп алаңдаумен келгенімізді оларда түсіністікпен қараған болар.
Өзіміз шетел асып қыдырмадық жас кезімізде, тек еңбек еттік. Балалар ата-анасымен бақытты өмір сүрсін, өмірге алып келген соң балалық бақыттарын сезінсін, біздің көрген қиыншылықтарды көрмесін деп Алладан сұрадық. Ары қарай өздерінің шешімдері, қыдыртса да, қыдыртпаса да.
Қыдыртпай жатса еш өкпеміз де жоқ, Аллаға шүкір Нүрекең де жерге қарап тұрған жоқ, күніге гүлге орандырып, қалаған арманымды орындай алады. Әзірге Нүрекең тұрғанда бала мен келінге күнім түсіп тұрған жоқ, бәрі өз қалаулары. Алла күш-қуатымызды алмасын. Ал балаларымыздың жүрегінің кеңдігі Алланың берген бағы болар, көзі ашық, көкірегі ояу адамға түсіністікпен қарайтын болса", - деп түсіндірді Айдарбекова.