Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

БАҚ: Украина мен АҚШ пайдалы қазбалар жөніндегі келісімге қол қояды

Фото: Украина президентінің баспасөз қызметі

Украина АҚШ-пен пайдалы қазбалар жөніндегі келісімге қол қоюға дайын. Келісім 30 сәуірде бекітілуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ақпаратқа сәйкес, Украинаның экономика министрі Юлия Свириденко келісімге қол қою үшін Вашингтонға жол тартқан. Бұл келіссөздер Дональд Трамп АҚШ президенті қызметіне кіріскен алғашқы апталарда басталған.

Украинада инвестициялық жобаларды басқаруға арналған бірлескен қор құруды көздейтін келісім жобасы пысықталып, қол қоюға дайын тұр. Алайда қордың нақты жұмыс істеу тәртібін реттейтін екі техникалық келісімнің мәтіні әлі толық мақұлданбаған.

Bloomberg агенттігі бұған дейін келісім жобасымен танысқан. Құжатта АҚШ пен Украина "Украинаның тау-кен өндірісі, энергетика және онымен байланысты салаларға инвестиция тартуға жағдай жасайды" делінген. Осы мақсатта бірлескен инвестициялық қор құрылады. Қордың қызметі нәтижесінде түскен табысты екі тарап өзара бөлісетін болады.

АҚШ пен Украина арасындағы минералдар келісіміне Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдары мен порттары қосылмайды деп жазды келісімнің жобасын көрген Reuters агенттігі.

Бұған дейін АҚШ әкімшілігі Украинадан сирек металдардан бөлек порттар мен энергетикалық инфрақұрылымдарды да талап еткені айтылған.

Сирек металдар келісіміне сай, АҚШ пен Украина сирек металдардан түскен қаржыны салатын қор құрады. Қорға түскен ақшаны Украина мен АҚШ 50/50 пайдаланады. Украина барлық пайдалы қазбасы мен инфрақұрылымына иелік етеді. Егер АҚШ алдағы уақытта Украинаға әскери көмек көрсетсе, ол қорға салынған қаржы ретінде есептеледі.

Келіссөздер барысында Вашингтон бастапқыда Украинадан АҚШ-қа қор жұмысы аясында ондаған миллиард доллар көлеміндегі көмек шығындарын өтеуді талап еткен. Алайда бұл шарттан кейінірек бас тартылғаны айтылды. Ақпан айында Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ ұсынған бастапқы келісім жобасына қол қоюдан бас тартқан.


"Онымен басқаша сөйлесу керек": Трамп Зеленский кездескен соң Путиннің соғысты тоқтатуға дайын екеніне күмәнданды

Қырымды Ресейге беруге дайын: Трамп Зеленскиймен Ватиканда не туралы сөйлескенін айтты


АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадан бұл келісімге тезірек қол қоюды бірнеше рет талап етіп, Зеленскийді оған әлі күнге дейін қол қоймағаны үшін сынға алған. Ал Украина келісімде АҚШ тарабы қауіпсіздікке кепілдік беру қажет екенін мәлімдеген. Кейбір сарапшылар АҚШ әкімшілігін Украинаны өзіне тиімсіз келісімге қол қоюға мәжбүрлеуге тырысты деп айыптаған.

Axios басылымы пайдалы қазбалар жөніндегі келісім Ватиканда Дональд Трамп пен Владимир Зеленский арасындағы жеке кездесуде де талқыланғанын жазады. Басылымның мәліметінше, Трамп Зеленскийге келісімге мүмкіндігінше тезірек қол қою қажет екенін айтқан. Ал Зеленский кездесуде Украина Ресеймен бейбіт келіссөздер барысында белгілі бір ымыраларға баруға дайын екенін, бірақ бұл үшін қауіпсіздік кепілдіктерін алуы керектігін жеткізген. Сонымен қатар Украина президенті Қырымды Ресейдің жері деп мойындамайтынын мәлімдеген. 

Зеленский мен Трамп арасындағы әңгіменің мазмұны туралы ресми мәлімдемелер жасалмаған. Дегенмен екі тарап та кездесуді жақсы өткенін айтты.

Еске салсақ, Ватиканда Рим папасы Францискпен қоштасу рәсімі кезінде Трамп пен Зеленский қысқаша кездесу өткізген еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 30 Сәуір, 2025 19:30
Талқылау