Шетелдік БАҚ Қазақстан туралы жасанды интеллект жазған жалған ақпарат жариялаған
Біреулер жасанды интеллектке Қазақстан туралы жағымды мақалалар жазғызып, белгілі британ ғалымдарының атын жамылып, оны БАҚ-қа жариялауға жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым өкілдері ЖИ-дің қаупі туралы ескерту жасады.
“Белгісіз жандар халықаралық деңгейдегі танымал ғалымдардың атын жамылып, БАҚ-қа Қазақстан туралы позитивті, бірақ жалған мақалаларды жариялауға тырысқан", – деп жазады басылым.
Журналистердің айтуынша, мақаланың көшірмесін Euronews телеарнасы алған және онда екі ғалым автор деп көрсетілген. Алайда редактор мәтіндегі сөздерді оғаш деп санап, оны қабылдамапты. Содан соң ғалымдарға олардың атынан келген мәтіндер туралы ескертіп, хабардар етті.
Алайда мақаланы басқа ақпарат агенттігі жариялап, кейін ол материалды алып тастаған.
Times авторларының айтуынша, әртүрлі сайттарда Қазақстан туралы мақалалар бар және олардың авторлары ретінде ағылшын тілді ғалымдар көрсетілген. Алайда оларды жасанды интеллект жазған болуы мүмкін дейді.
Еске салсақ, жақында ғалымдар адамның қанша өмірі қалғанын есептейтін жасанды интеллект ойлап тапты.