Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бәйтерекпен әдепсіз суретке түскен жігіт 5 тәулікке қамалды

Бәйтерек студент
Фото: Видеодан скрин

Астана соты Бәйтерекпен әдепсіз суретке түске студенттің ісін қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Арнайы мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық сотта жігіт ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

“Құқық бұзушы Бәйтерек монументін пайдаланып әдепсіз ишара жасаған, бұл қоғамға ашық құрметсіздік таныту және жалпы қабылданған мінез-құлық нормаларын бұзу деп бағаланды”, – деді сот.

Сот отырысында жігіт өз кінәсін толық мойындап, өз әрекетіне өкінетінін жеткізді. Соған қарамастан, сот оған 5 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

 Сот әкімшілік жаза тағайындау кезінде жасалған әрекеттің сипаты мен қоғамға тигізген теріс әсерін ескерген. Атап айтқанда, бұл іс қоғамға құрметсіздік танытатын орынсыз мінез-құлық ретінде бағаланған. Сонымен қатар құқық бұзушының жеке басы да назарға алынған, оның 2006 жылы туған студент екені ескерілді.

Соттың қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша:

  • 20 АЕК көлемінде айыппұл (2026 жылы 86 500 теңге);
  • Немесе 20-60 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту;
  • Немесе 5-15 тәулікке әкімшілік қамау қарастырылған.

Егер бір жыл ішінде қайталанса, жаза қатаңдап 15-30 тәулікке дейін қамалады.

Бұған дейін Астана полициясы Бәйтерек монуметінің жанында арандатушылық сипаттағы фотосессия ұйымдастырған 19 жастағы жігітті ұстаған.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 10 Мамыр, 2026 20:52