Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді

Түркі мемлекеттері ұйымы
Фото: Depositphotos.com

15 мамыр күні Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің бейресми саммиті өтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жиынның негізгі тақырыбы – "Жасанды интеллект және цифрлық даму". Алқалы жиында  Қазақстан Республикасы төрағалық етеді. Саммитте цифрлық дәуірдегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен басым бағыттарын жан-жақты талқыланады. Оған:

  • ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары;
  • Бақылаушы елдердің жоғары лауазымды өкілдері;
  • Ұйымның Бас хатшысы;
  • Ақсақалдар кеңесінің өкілдері;
  • Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының өкілдері де қатысады.
“Бұл бейресми саммит түркі мемлекеттері арасындағы стратегиялық диалогты өркендетудің маңызды тұғырына айналмақ. Саммиттің негізгі міндеті – жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу арқылы тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізу, мемлекеттік басқаруды сапалы деңгейге көтеру және  өңірлік өзара байланысты нығайту”, – делінген хабарламада.

Ресми бағдарламаға сәйкес, Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы қарсаңында ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің жиыны өтеді деп жоспарлануда.

 Саммиттің Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда өтуі түркі халықтарының ортақ тарихи мұрасы мен цифрлық болашаққа деген бірлескен ұмтылысы арасындағы сабақтастықтың айқын айғағы. Бұл басқосу түркі мемлекеттері арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайтып, нәтижеге бағытталған өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтермек.

Бұған дейін Қазақстан төтенше жағдай кезінде түркі елдерінің көмегі үшін жылына 50 мың доллар төлейтіні туралы жазған едік. Сенат жалпы отырысында “Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісім ратификациялау”заңын мақұлдады. 

"Келісімді ратификациялау қатысушы мемлекеттердің азаматтардың өмірін сақтап қалу және олардың мүлкін қорғау, медициналық және гуманитарлық көмек көрсету, сондай-ақ табиғи және техногендік апаттардың туындау қаупін бақылау мен талдау мәселелерінде күш біріктіруіне мүмкіндік береді", – деді сенатор Андрей Лукин.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 10 Мамыр, 2026 15:27