Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікті кінәсін мойындады – БАҚ

Атыраудағы отбасы күдікті
Фото: Видеодан скрин

Атырау қаласында Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты іс бойынша тергеу аяқталды. Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев кінәсін мойындап, қазір тергеу изоляторында сотты күтіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақ Жайыққа” мәлімет берген дереккөзге сілтеме жасап хабарлайды.

БАҚ-тың мәліметінше, айыпталушы қылмыстық іс материалдарымен танысып, төрт адамды өлтіргенін мойындаған.

Сұлтан Сәрсемәлиев қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлімі 1-тармағымен (Екі немесе одан да көп адамды өлтіру) айыпталды.

Сонымен қатар тергеу барысында қосымша 188-бап (Ұрлық) және 190-бап (Алаяқтық) бойынша да қылмыстық істер тіркелген. Күдікті марқұм отбасының малын сатып, олардың банктік карталарынан ақша жымқырды деп айыпталды. 

"Барлық тергеу әрекеттері аяқталды. Іс толық дайын және жақын уақытта сотқа жолданады. Сот процесі осы айда басталады", – деді дереккөз.

Бұған дейін Атырау облысының прокуратурасы Сұлтан Сәрсемәлиев психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша толық есі дұрыс деп танылғанын хабарлаған. Бұл оның заң алдында толық жауап береді деген сөз.

 Тағылған айыптарды ескере отырып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насипа Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.

Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.

“Былтыр желтоқсанның соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жатқанын айтып жүгінді. Жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылды”, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.

Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.

“Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезия Республикасындағы әріптестерімен бірлесіп, аталған елдің аралдарының бірінде Атырау облысындағы резонанстық отбасы өліміне күдікті азаматты ұстады. Қазір ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деді Қанат Нұрмағамбетов.

Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 10 Мамыр, 2026 15:43