Қазақстанда енді қандай купюралар қабылданбайды

Әлеуметтік желіде бірнеше танымал банкноттың айналымнан шығуы мүмкін деген ақпарат қызу талқыға түсті. Қазақстан Ұлттық банкі бұл ақпаратты растап, қолында айналымнан шығатын купюраларды не істеу керегін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Жақында бес түрлі банкнот айналымнан шығады деген ақпарат пайда болды. Олардың қатарында әртүрлі жылдары шығарылған 500, 2 000, 10 000 және 20 000 теңгелік купюралар бар.
Желі қолданушылары банкноттардың тым жиі ауысатынын айтып, шағымданды. Олардың айтуынша, жаңа купюраларға бейімделу әсіресе, егде жастағы адамдар үшін қиын.
"Мұның бәрі не үшін? Қайта-қайта айырбастап әбден шаршатты", "Бос әурешілік! Қарт адамдарға өте ыңғайсыз. Өзім кассада әжейдің осы ақшамен қиналғанын көрдім", "Шынымды айтсам, 10 000 теңгелік үлкен купюра ұнамайды. Тым үлкен, ыңғайсыз. Ескі қағаз ақша сияқты", "Кім естелікке 5 000 теңгелік купюра сақтап қалды?", – деп жазды қазақстандықтар.
Қазақстан Ұлттық банкі кейбір ескі банкноттардың шынымен де біртіндеп айналымнан шығарылатынын растады. Бірақ банкноттар бірден қабылданбай қалмайды, олар жаңа сериядағы купюраларға жоспарлы түрде ауыстырылады.
Төмендегі банкноттар біртіндеп айналымнан шығады:
- 500 теңге (2017 жылғы үлгі) – жаңа купюралармен қатар 2027 жылдың 24 желтоқсанына дейін айналымда болады;
- 1 000 теңге (2014 жылғы үлгі) – 2027 жылдың 27 наурызына дейін қолданылады;
- 2 000 теңге (2012 жылғы үлгі) – 2026 жылдың 24 маусымына дейін параллель айналымда болады;
- 10 000 теңге (2012 жылғы үлгі) – 2027 жылдың маусымына дейін қолданылады;
- 20 000 теңге (2013/2015 жылғы үлгі) – жаңа купюра шыққаннан кейін (2027 жылы) біртіндеп алмастырылады.
Банк түсіндіргендей, параллель айналым кезеңі аяқталғаннан кейін де ескі банкноттарды:
- Екінші деңгейлі банктерде;
- Қазпошта бөлімшелерінде (3 жыл ішінде);
- Қазақстан Ұлттық банкі филиалдарында (мерзімсіз) айырбастауға болады.
Бұған дейін 2000 теңгелік купюра енді қабылданбайтыны туралы жазған едік.
Ескі үлгідегі 2000 теңгелік банкноттың пайдалану мерзімі 2026 жылдың 24 маусымында аяқталады.
Бұрын ескі үлгідегі 10 000 теңгелік банкнот та 2026 жылдың 27 маусымында айналымнан алынып тасталатыны туралы хабарланған, бірақ қаржы реттеушісі мерзімді бір жылға ұзарту туралы шешім қабылдады.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?
Оқыңыз