“Баяғы жартас – сол жартас”: Тоқаев Қонаев қаласының инфрақұрылымы өте баяу жүріп жатқанын айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына іс-сапармен барды. Ол өңір экономикасында оң өзгерістер бар екенін айтты. Дегенмен аграрлық сектордың әлеуеті әлі толық іске қосылмады дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұны мемлекет басшысы Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте айтты.
“Негізі, облыстың даму қарқыны жаман емес. Тиісті жұмыс істеліп жатыр. Былтыр өңірлік жалпы өнім көлемі 6,7 триллион теңге болып, 5,4% өсті. Қаңтар-сәуір айларындағы қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш бойынша аймақ 5 орында тұр. Инвестиция тарту жұмысы белсенді түрде жүріп жатыр. Жыл басынан бері облыс экономикасына 266,2 миллиард теңге инвестиция салынды”, – деді Тоқаев.
Оған қоса президент өнеркәсіп өндірісінің көлемі шамамен 900 миллиард теңгеге жеткенін айтты. Десе де аграрлық сектордың әлеуеті әлі де толық игерілмей жатыр дейді Тоқаев.
“Биыл 4 айдың нәтижесі бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығының нақты көлем индексі 101,2 пайыз болды”, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүріп жатқанын жеткізді.
“Алайда, бір олқылыққа назар аударғым келеді. Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. “Баяғы жартас – сол жартас”, қаланың келбеті – өзгеріссіз күйде. Бұл қалада шұғыл түрде театр, стадион, әкімшілік ғимараттары мен мектептер салу керек. Онсыз Алматы облысы өз аяғына тұрып кете алмайды. Облыс басшылығы осы өзекті мәселелерге баса назар аударуы қажет”, – деді Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін Пара алды деп күдікке ілінген Алатау ауданының бұрынғы әкімі Қонаевта гольф-клуб салып жатқаны туралы жазған едік.
Қазақстандыққа Қытайда адам өліміне кінәлі деген айып тағылды: Күдіктінің өзі шабуыл жасағандардан қорғанғанын айтып отыр
Оқыңыз