Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бағдат Мусин "Қазақтелеком" басшысы болып тағайындалды – БАҚ

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бұрынғы министрі Бағдат Мусин "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазТАГ-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібінің баспасөз қызметі

“ҚазТАГ редакциясы Бағдат Мусиннің "Қазақтелеком" АҚ басшысы болғаны туралы ақпаратты таныс дереккөзбен растады”, – деп хабарлады басылым.

Еске салайық, 2024 жылғы 30 сәуірде Қазақстан президенті Бағдат Мусинді цифрлық даму министрі қызметінен босатқанын жаздық. Қызметтен босаған соң біраз уақыт әлеуметтік желіде Мусинге қатысты қылмыстық іс қозғалды деген қауесет тарады. Антикор бұл хабарламаларға түсініктеме берді.

Бағдат Мусин 1983 жылы 3 наурызда дүниеге келген. 2004 жылы С.Демирель университетін "Компьютерлік технологияның бағдарламалық және аппараттық құралы" мамандандығы бойынша бітірген. Екі жылдан соң Қазақ заңтану және халықаралық қатынастар институтын бітірген. Мамандығы – заңгер.

Еңбек жолын 2004 жылы "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ мемлекеттік органдарында IT -бөлімшелерін құру департаментінің бас инженері болып бастап, кейін бөлім басшысы, директордың орынбасары қызметін атқарды.

Әр жылдары әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорны ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу бөлімінің басшысы, ақпараттық технологиялар департаментінің басшысы лауазымында болды.

2020 жылдың 13 наурызынан бастап сол жылдың 20 шілдесіне дейін президенттің цифрландыру және инновациялық технологиялар жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды. Бұдан кейін цифрлық даму, инновация және аэроғарыш индустриясының бірінші вице-министрі болып тағайындалды. Ал 2020 жылдың 2 қыркүйегінен бастап сол министрліктің басшысы болды. 4 жыл қызметінен кейін лауызымынан босатылды.

Талқылау