Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ажырастым деген әйелі төртіншісіне жүкті​​​​​​​": Қазақстандық келіншектер өзге діни ағымды ұстанатындар қалай көп әйел алатынын айтты

Елімізде көп әйел алу мәселесі жыл сайын күрделеніп келеді. Себебі мұндай ұсынысқа тіпті кәмелетке толмаған қыздар да келіседі екен. Өзге діни ағымдағы күйеулерінен сатқындық көрген тараздық екі кейіпкер оқиғаларын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Freepik.com

“Күйеуі бірнеше әйел алған жамағаттағы келіншектер қалуға көндірді”

Тараздық Әсел (кейіпкердің аты өзгертілген) жұбайымен мектеп кезінде танысқан. Бала кезден намаз оқып өскен бойжеткен жігіттің де дінге жақын екенін байқап, оның сезімін қабыл алған. Осылайша жігіт оның мектеп бітіргенін күтіп, кейін екеуі үйленген. 

Мектепте алғыр болып, үздік оқыған бойжеткенге шетелден де оқуға түрлі ұсыныстар түскен. Алайда жігіт Алматыдан болған соң ару таңдауды Алматыдағы университеттердің біріне жасайды. Кейін тұрмысқа шыққан соң бұл оқуын да тастап, күйеуі мен оның отбасына қызмет еткен. 

Әселдің күйеуінің жағдайы жақсы еді. Ол үйленген соң танымал фастфуд өнімін сататын орын ашады. Сәйкесінше ақшадан қысылмайды. Ал Әсел оған екі ұл сыйлап, үй шаруасымен айналысып жүреді. 

Алайда уақыт өте келе күйеуі кәсіпті тастап, өзгере бастайды. Мұны сезген Әсел оның өзге әйелге барып жүргенін де біледі.

“Бірде ол Астанаға көлік қарауға кететінін айтты. Сөйтсем, өзге әйелге бару үшін кеткен екен. Қайтып келгенде, мен бірден өзге әйелі барын сұрадым. Көзіме тіке қарай алмады, алайда мойындады. Ол сол кезде  маған 17 жастағы жетім қызға үйленуге мәжбүр болғанын айтты. Ал мен оған мәхрді қайтарып беріп, ажырасатынымды айттым. Себебі екінші әйел алса, кетіп қалатынымды басынан айтқан едім", – деді Әсел.

Алайда күйеуінің ата-анасы оны жібергісі келмеген. Ислам жолындағы күйеулері бірнеше әйел алған жамағаттың келіншектері Әселді көндіруге тырысқан. Болмаған соң Әсел тәліптерге жүгініп, күйеуіне шара қолдануды өтінген. Осылайша келіншек ажыраспай, бір жыл бойы күйеуінің ата-анасымен, ал күйеуі екі отбасының ортасында жүрген. 

Алайда бір күні Әсел мен күйеуінің екінші әйелінің арасында жанжал болып, күйеуі Әселдің үстінен полицияға арыз жазған. Бұдан соң ол “Сүннет иелері” деген желідегі топқа әйелдерінің қалай қырқысқанын жіберіп мақтанған.

Бұл жағдайдан соң Әсел балаларын алып, ата-анасына барып, күйеуімен ажырасқан. Қазір де тәліптер мен жамағаттағылар оған ажырасып, күнә жасадың деп мазасын алатын көрінеді. Алайда келіншек жаңа өмір бастап, оқу оқып, кәсіп ашқан.

Күйеуінің ажырастым деген әйелі төртінші балаға жүкті...

Ал тараздық Аминаның (аты өзгертілген) оқиғасы мүлдем бөлек. Ол танымал спортшының екінші әйелі болып бірге тұрған. Күйеуі өзінің бірінші әйелімен айрылысқанына көп болғанын айтқан. Алайда Аминаға жасырын түрде үйленген. 

Ыстық сезімнің жалыны басылған соң Аминаның өмірінде тұрмыстық мәселелер басталады. Күйеуінің ажырастым деген әйелі төртінші балаға жүкті екенін біледі.

“Ажырасатынымды айттым. Алайда ол мені жібермеді. Ол бірінші әйелін аяйды және балалар үшін оны тастай алмайды. Мүлік те соның атына жазылған. Ажырасатын болса, ол көп бөлігін алады. Дәл қазір ол маңызды жоба жасап жатқандықтан мұндай тәуекелге бара алмайды, – деді Амина.



Алайда күйеуі балаларына кеткен кезде жанжал туады екен. Амина жалдамалы пәтерде тұрады және жұмыссыз. 

Аминаның күйеуі – "Сүннет иелері" жамағатының мүшесі. Бұл діни қауымдастықта барлығы 300-ге жуық адам бар. Әсіресе ауқатты кәсіпкерлер, спортшылар, әртістер бар екен. Олардың бәрі бірнеше әйелден алған. Олар тәліптерді қолдайды. 

Заңда қаралмаған...

Орталық мешіттің ұстазы Есет Таласбаев қазір қоғамда кәмелетке толмаған қыздардың ата-анасының рұқсатынсыз тұрмысқа шығып, екінші әйелі болу үрдісі барын растады. 

“Олар өздерінің іс-әрекеттерін деструктивті діни ағымдағы ұстаздың айтқаны деп ақтайды. Яғни егер қыз жыныстық жетілу жасына жетсе, өз бетінше үйленуге құқылы деп санайды. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы, Орталық Азияның басқа елдері сияқты, Ханафит мәсхабын ұстанады. Осыған сәйкес ата-анасының рұқсатынсыз және олардың батасынсыз үйленуге тыйым салатын пәтуа бекітілген”, – деді Таласбаев.

Есет Таласбаев құдаласпай, келісімсіз, жасырын үйлену шариғатта тыйым салынғанын жеткізді. 

Елімізде неке және отбасы туралы кодекс бойынша ресми некеде тұрған адам тағы әйел алуға құқығы жоқ. Алайда заңда ер адамның бірнеше әйелмен қарым-қатынаста болуын ешкім қадағалай алмайды. Тек әйелдер ғана өздерін қорғау арқылы бұған қарсы тұра алады.

Талқылау