Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әжем теріс бата берген": Актер Шерхан Пірназар балалық шағын есіне алды

Отандық киноларда бой көрсетіп жүрген танымал актер Шерхан Пірназар балалық шағы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Сәлем, Европа” youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: подкастан скриншот

Өнер иесінің әке-шешесі ажырасып, әжесінің бауырында өскен. 

“Мен әжесінің баласы болып өстім. Ол кісі сегіз бала тапқан, біреуі қыз, тоғызыншысы мен болдым. Жатса да, тұрса да жанынан тастамайтын. Әжемнің жеті баласы бір үйде тұрған. Жеті келіннің ішінен менің мамамды ерекше жақсы көріп, тірлік істетпей еркелеткен. Бірақ әке-шешем ажырасып кетті. Сол кезде қатты жылағаным есімде. Сонда әжем өз баласына “немеремді жетім еттің” деп қатты ұрысқан. Сол кеткеннен әкем үйге келмеді. Төрт жыл бұрын ғана көрістік. Қанша дегенмен әкенің аты – әке екен. Оған дейін бетпе-бет кездескенде бәрін айтамын деп кіжініп барған едім. Бірақ оның бәрі көрген кезде ұмытылып, ашық сөйлестік. Әкем: "біз ажырасқанда әжең, "менің немеремді жетім қылдың" деп маған теріс батасын берген еді, сол жағдайдан кейін жолым болмады" деп өкінді", –дейді актер. 



Айтуынша, әжесі өмірден өтер кезде Шерханды ұл-қыздарына ерекше аманаттап, үйленсе тойын жасап беруді тапсырған көрінеді. 

“10-сынып оқып жүргенде әжем дүниеден өтті. Ауылдан ағам келіп, мені сұрап әкетті. Барсақ әжем өмірден өткен, адамдар жерлеу үшін табытқа салып, мені күтіп тұрған екен. Қоштасып үлгердім. Әжем "Шерхан үйленсе тойын өздерің істеп беріңдер" деп балаларына аманаттап кеткен екен. Содан мен үйленіп, той жасауға келгенде өз жұртым мен нағашыларым таласып қалды. "Біздің де той жасауға жағдайымыз жетеді, олай болса құдаларды біз де күтеміз. Тойдың шығынына да біз өз үлесімізді қосамыз" деп шарт қойып, екі жақ абыроймен атқарып берді”, – деп шаңырақ көтерген сәтін еске алды

Сонымен қатар, актер әкесі тастап кеткеннен кейін анасы екеуінің өмірі қалай өрбігенін де жасырмады.  

“Әкеміз кеткеннен кейін анам мені ойлап екінші рет тұрмысқа шықпады. Нағашылардың қолында өстім. Бірақ өте қиын болды. Себебі менің әкем де, оның бауырлары да ауылда атыс-шабыс, төбелеске жақын өскен. Пірназар әулеті сондаймен атышулы еді. Кейін анам ажырасып, төркініне қайтып келгенде нағашыларым "сен әкеңе тартқансың, бұл жиен адам болмайды" деп кекетіп, айта беретін. Ол сөзді естіген сайын әжемнің мейірімін, махаббатын аңсап, жылаушы едім. Есейіп, Алматыға оқуға кеткенде де "Ой, сенің Шерханың адам болмайды, оқып жүр дейсің бе, ішіп, қуып жүрген шығар. Көресің, ол да әкесіне ұқсап, әлі сені қан қақсатады" деп айта берген екен", – деп ағынан жарылды актер. 

Еске салайық, танымал әзілкеш Жахан Отарғалиев актер Шерхан Пірназарға Меккеге жолдама сыйлағанын жазған едік. 

Талқылау