Азамат Сатыбалды: Әйелім бала тумады екен деп ажырасып кетпеймін. Оны сүйемін
Азамат Сатыбалды кино саласындағы алғашқы туындысы туралы айтып берді. Мұнымен қатар, аталған фильмнің басындағы проблемаға қатысты құрылғанын жеткізді.
Бұл туралы “Таңшолпан” бағдарламасында айтылды.
– Жуырда көрерменге жол тартқан фильміңіз туралы айтып беріңізші.
– 21-22 сәуірден бастап барша Қазақстанның кинотеатрларынан «Бір сен үшін» атты менің компаниямның фильмін көре аласыздар. Туынды мелодрама жанрында түсірілді. Осы киноны бастау үшін 10 жылдай дайындалдық. Ал сценарийін екі жыл жаздық.
– Бұл фильм көрерменге қандай ой салу керек. Мақсаты қандай?
– Кез келген кино мен қойылымның астарында ой жатады. Тіпті, комедия жанрындағы туындының өзінде де. Ойсыз дүние – бір күндік нәрсе. Бүгін бар, ертең жоқ. Ал бұл мелодрама сенімге, үмітке және махаббатқа құрылған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әрбір алтыншы отбасы бала сүюді армандап жүр. Сәби сүюге мүмкіндіктері болмай жүр. Әрбір оныншы отбасы ажырасып кетіп жатыр. Мұның барлығы сенім мен шыдамдылықтың жетіспеушілігінен болып отыр. Осы тақырыпқа қалам тартып, Ардақ Төлеубай екеуіміз сценарий жаздық. Отбасылық құндылықтарды дәріптеу үшін, үй болған соң кез келген қиындықты жеңіп шығуға тырысу керектігін түсіндіруге тырыстық. Басты мақсатымыз – халықты ойландыру, отбасылардың өмірге деген қатынасын ретке келтіріп, отбасының тұрақты болуын насихаттау.
– Бұл идея, расымен, 10 жыл бұрын келді ме?
– Жоқ. Мен 10 жыл бұрын театр, киностудия ашуды армандадым. Жыл сайын дайындалдым. Киностудия ашу – үлкен еңбек. Біріншіден, батырлық пен жүрек керек. 10 жыл бұрын жас болғандықтан, дайын болмадым деп ойлаймын. Реті былтыр ғана келді.
– Сіздің фильміңіздің басқаларынан ерекшелігі қандай?
– Оның жанры комедия емес. Егер пайданы бірінші орынға қойсам, бірден комедия түсіретін едім. Менде комедияның 6 сценарийі тұрды. Оның үстіне халық та комедияға үйреніп қалған. Өнер адамы жеміс секілді. Уақыты келгенде піседі. Үнемі халықтан ала беруге болмайды. Ер-азамат ретінде халыққа беруіміз керек. Қазақстанның әрбір азаматы экономиканың дамуына, елдің көркеюіне үлесін қосуы керек. Сол үшін мен осындай жанрдағы фильм түсірдім. Тек рухани сыйлық беремін деген ойдамын. Фильмнің режиссері – Ардақ Төлеубай. Ол Сатыбалды Нарымбетовтың шәкірті. Бұл да оның алғашқы жұмысы болып отыр. Кастинг мәселесін Ардақ екеуіміз бірге реттедік. Сценарийді жазып бастаған кезде қай рөлді қай актердің ойнайтынын біліп отырдық. Өйткені, сценарийді актердің болмысына қарап жазған ыңғайлы. Одан кейін съемкінің алдында бір ай бойы дайындық жұмыстарын жүргіздік.
– Киноңыздағылардың барлығы театр актерлері секілді. Солай ма?
– Олар кино мен театрда қатар жүр. Ең бастысы, 99℅-ы – кәсіби актерлер. Кәсіби емес актерлермен жұмыс істеуге уақытымыз болмады. Ардақтың да уақыты тығыз еді. Кейін бұған қаражат мәселесі себепші болды. Кәсіби актерлермен жұмыс істеу оңай. Олар мәтінді жаттап келіп, бір ғана дублмен орындайды. Бір күнде 4-5 сахна түсірген кездерім болды. Бір актер екі дубль ғана ойнап отырды. Оның біреуін өзі үшін, екіншісін біз үшін.
– Өзіңіздің туындыдағы рөліңіз туралы айтып өтсеңіз.
– Менің туындым болғандықтан, басы-қасында жүргендіктен басты рөлдердің бірін сомдадым. Асқардың трагедиясын халыққа жеткізе алатынымды сездім. Өйткені, ол проблема менде де бар. Ол проблема менің ғана емес, көптеген қазақ жігітінің басында бар. Маған көп адам «Неге сенде бір-ақ ұл? Неге сен қазақтың демографиясына үлес қоспайсың?» деген сұрақ қояды. Мен әлі күнге дейін сол туралы ойланамын. Мен оны қосқым келмей жатқан жоқ. Жаратқан маған екінші, үшінші баланы нәсіп етпесе, мен не істей аламын? Мен сонда әйеліммен ажырасып кетіп, басқа әйел алуым керек пе? Бірақ мен әйелімді сүюім керек.
Мысалы, Сәкен Майғазиевтің 15 жылдан кейін екінші баласы дүниеге келді. Дәл сондай сенім керек. Менің сценарий жазуыма бір ғана оқиға себепкер болды. Менің жолдас балам 16 жылдан кейін бала сүйді. Перзентханадан баланы алып шыққан кезде жолдас балам жылап тұр. «Азамат, мен туған-туысқандарыма сеніп әйеліммен ажырасып кеткенде, мынандай періштені Алла маған берер ме еді?!» дейді. Көрдіңіз бе, сенімнің арқасында осы дүниеге жетіп отыр. Үміт бар болғанда ғана жетістікке жетеміз. Сол себепті Асқардың ойын көрерменге менен артық ешкім жеткізе алмайды деп ойлаймын.
Жіберіп алмаңыз:
Еркін Нұржанов қызының 1 жасқа толуына орай дүркіретіп той жасады (фото, видео)
Бағым Мұхитденова Димаштан кешірім “сұратқызған” басылымды сотқа берді
Әріптестері Ернар Айдардың жағдайы туралы айтты
Нан пісіріп тұрып ән айтқан Динара Сұлтан желіні “жарды” (видео)