"Айтыстың аққуы едіңіз, коучтардың қарғасы болып барасыз": Айгүл Орынбек Айнұр Тұрсынбаеваға ашық хат жазды
Қазақстандық заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Айнұр Тұрсынбаеваға жазба арнады. Заңгер айтыскерге сын айтып, ескерту жазды. “Айтыстың аққуы деген абыройдан айырылып қалу әп-сәтте” деп ескертпе жазды. Желідегі оқырманның пікірі екіге бөлінді.
“Қан сасып дем жетпей жатқан халқыңа дем беріп бір қуантып едің! “Миллионер боламын” деп Стамбулға ағылып далада қаңғып қалып жатқан әйелдердің көшін тоқтатып бір қуантыңыз! “Әйелдердің өзінде ми жоқ па?” депсіз! Иә, сіздердің ертегі өмірлеріңізді көріп жүрген әйелдерде ми қалмады!
Сіздің тәтті сөздеріңізге миы уланған әйелдер, сіздің жаныңызда жүрген құзғындарға жем болып жатыр!” – деді Айгүл Орынбек желіде.
Заңгердің айтуынша, ол айтыскермен жеке кездескенде де осындай ескертпе айтқан. Алайда оны айтыскер қабылдамаған көрінеді. Қоғам белсендісі Тұрсынбаеваны айтыстың биігінде тұрған ақ бейнесімен көргісі келеді.
“Халқыңның жүрегінде қазақтың мұңын жырлап жүрген қазақтың Айнұры болып орын алдың! Мына құзғындардың арқасында халқыңнан қарғыс алып жүрмеңіз деп осылай ашық жазып отырмын! Өзіңізге жеке ескертіп айтпадым емес, айттым! Сол құзғындарды ел алдында жарнамалап жүрген соң, таяқтың бір ұшы сізге де тиеді деп! Менің сөздерім сізге ұнамағанын білем, дос жылатып айтады деген сөз бар емес пе?” – деді қоғам белсендісі.
- Нұрболат Абдуллин: Мұғалім болып 50 мың теңгеге жұмыс істедім
- Екі ай бұрын ерте туды: Танымал актриса Гүлнәр Сілбаева ұлды болды
Айгүл Орынбек мұның ескертпе екенін айта кетті. Абыройдан айырылу әп-сәтте. Сондықтан өзгеге зиян тисе, қара басу оп-оңай деген ойын жеткізді.
“Бұл жазбамды сізді жамандыққа қимай жазып отырмын деп қабылдаңыз! Айтыстың аққуы едіңіз, коучтардың қарғасы болып барасыз, апатай! Мен сізді баяғы айтыстың аққуы ретінде көргім келеді!" – деді заңгер.
Бұған дейін заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек журналист Мақпал Қаратайға алданып қалғандардың өзіне хабарласып, көмек сұрағанын айтты. Оның айтуынша, Мақпал Қаратай "Түркиядан тауар алып беремін" деп 310 адамды алдаған.
Бұдан бөлек, заңгер Айгүл Орынбек Ыстамбулда бизнес жасаймыз деп талай адамды алып барған Динара Қосжанның үстінен қылмыстық іс ашылғанын мәлімдеді. Қылмыстық істі Маңғыстау облысының полиция департаменті жүргізетін болған.