Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Халыққа пайдаңыз бұлай тимей-ақ қойсын": Заңгер Айгүл Орынбек Мақпал Қаратайдың 300-ден аса адамды алдағанын мәлімдеді

Заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек журналист Мақпал Қаратайға алданып қалғандардың өзіне хабарласып, көмек сұрағанын айтты. Оның айтуынша, Мақпал Қаратай "Түркиядан тауар алып беремін" деп 310 адамды алдаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Қазақ әйелдерін өмірді сүюге, миллионер болуға, бизнес бастауға үйреткен өте дұрыс шығар, бірақ арам жолмен емес! Елге танымал адам болған соң, халықты үлкен істі бастауға шақырған соң пайдасынан бұрын, шығатын шығынын ашық айту керек. Пандемияның арқасында көптеген кәсіп тоқтап, өз күнін әрең көріп, қалай ақша тауып бір тиынды екі тиын қылсам деп отырған халықтың жүйкесімен ойнауды доғару керек! Адамның жеке басына өтуді ұнатпайтын адаммын, сіздің жеке өміріңізде шаруам жоқ! Тек өзіңізге сеніп, қарызға ақша алып, банктерден кредитке кірген әйелдердің ақшасын қайтарыңыз. Сіз үшін 350 мың теңге ақша емес шығар, ауыл аймақта бала бағып отырған әйелдерге ол үлкен ақша! Күйеуіне айтуға қорқып, кредитін төлей алмай күйзеліске түсіп өздеріне қол жұмсаса, адам өліміне кінәлі болам деп ойламайсыз ба?” – деп жазды Айгүл Орынбек Facebook парақшасында. 

Оның айтуынша, бір айдан бері жеке парақшасы шағымға толған. 

“Өздерің мисызсыңдар деп қарап отыра бергім келді! Алдағы уақытта түріктердің алдында ұлтымды оның ішінде қазақ ер азаматтары ұятқа қалмасын деп ашық жазуыма тура келіп отыр! Байыса қазақ байысын қызғанып отырғаным жоқ! Байерлік жұмысқа қыздарды аямай шақырып жатсыз, түріктердің бәрі орыс тілін, тіпті қазақ тілін жақсы меңгерген. Оларға дәл қәзір байерлердің керегі шамалы! Тауар саудалаймыз деп барған қыздарымыз, елге қайтуға ақшалары болмай тәндерін саудалап, қорланып кетпейтіндіктеріне 100 пайыз кепілдік бересіз бе?” – деді ол. 

Заңгер Қазақстанның өзінде Мақпал Қаратайдың жіберген тауарларына көңілі толмай, ақшаларын қайтаруды сұрап жатқандар саны 300 ден асатынын жеткізді. 

“Ақымақтарға ақыл айтып, “оларды байытамын” деп қазақ әйелдерін кредитке тығып халыққа пайдаңыз бұлай тимей ақ қойғаны дұрыс Мақпал ханым! Бір адам болса мейлі, шағым айтып жылап отырғандар саны өте көп! Халыққа пайдаң тимесе де, зияның тимесін! Бұл жазбамды жәй ескерту деп қабылдаңыз! Үш жүз әйелдің бесеуі үстіңізге арыз түсірсе, алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс ашылады!” – дейді Айгүл Орынбек. 

Жағдайды нақты білу үшін Stan.kz Мақпал Қаратаймен хабарласқан еді. Бірақ, заңгерлерімен ақылдасып жауап беремін деген ол әңгіменің анық-қанығын айтпады. 

Зардап шеккендердің айтуынша, олар журналисттен 350 мың теңге тұратын курс сатып алған. Мақпал Қаратай оның 70 пайызына (245 мың теңге) Турикияда арзан фирмадан тауар алып беремін деп уәде берсе, 30 пайызын (105 мың теңге) курс оқытамын деп алған. 

Алдандым деген әйелдердің бірімен сөйлескенімізде мәселе шешілгенін, арыз жазатынын айтқан соң Мақпал Қаратай бүкіл соманы қайтаратынын айтқанын жеткізді. 

Бұдан бөлек, заңгер Айгүл Орынбек Стамбулда бизнес жасаймыз деп талай адамды алып барған Динара Қосжанның үстінен қылмыстық іс ашылғанын мәлімдеді. Қылмыстық істі Маңғыстау облысының полиция департаменті жүргізетін болған. 

“Instagram әлеуметтік желісінде Динара Қосжан туралы біліп, офлайн сабағына қатысу үшін 700 мың теңгемді төлеп Стамбулға келдім. Бізге ол бір айда миллион теңге, кем дегенде күніне 100 мың теңге табасың деп уәде еткен соң, қызығып келген болатынбыз. Күніне 100 мың түгілі, 10 мыңды зорға таптық. Біз клиент тауып 55 мың теңгеге тауар алып беруіміз керек болды. Оның 5 мыңын Динара Досжан екеуміз бөліп алатын едік. Осы дұрыс па? Ол үйінде отырады, ал біз күні-түні көшеде жүріп маңдай терімізбен клиент жинаймыз. Ол уәде еткен фабрика, заводтардың ешқайсысын көрген жоқпыз. Ешқандай да жеңілдік алған жоқпыз”, – дейді жәбірленушілердің бірі айтқан видеосында. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр