Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аймақты бомбалаймыз, екі сағат уақыттарың бар": Газалық тіс дәрігері Израильдің ескертуінен кейін жүздеген көршісін қалай құтқарғанын айтып берді

Газалық тіс дәрігері Израильдің ескертуінен кейін жүздеген көршісін қалай құтқарғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: BBC

Дәрігер Махмуд Шахинның айтуынша, ескерту 19 қазан күні келіп түскен. Ол сол сәтте Газа секторының солтүстігіндегі беделді аудан Әл-Захрада орналасқан үш бөлмелі пәтерінде болған. Махмуд көшеден қатты дыбыс пен адамдардың шыңғырған дауысын естіген. 

Үйден шығып, қауіпсіз жер іздеп жолды кесіп өткенде оның телефонына жасырын нөмір қоңырау соғып, Израиль барлауы шақырып жатқанын айтқан. 

Махмұдтың айтуынша, қалта телефонына бір сағат ішінде бірнеше қоңырау келіп түскен. Әлгі адам Махмұтқа толық аты-жөнін айтып, арабша сөйлеген.

"Маған үш көпқабатты үйді бомбалайтындарын айтып, адамдарды аймақтан эвакуациялауға бұйрық берді", - деді ол.

Махмудтың айтуынша, өз үйіне қауіп төнбегенімен, жүздеген адамның тағдыры оның мойнында болған. Сосын ол ойын жинақтап, өзін Әбу Халедпін деп таныстырған қоңырау шалушыдан телефон тұтқасын қоймауды өтінген.

40 жастағы тіс дәрігерінің айтуынша, ол мұндай жауапты міндетке не үшін өзі таңдалғанын білмейді. Бірақ сол күні ол көршілерінің қауіпсіздігін сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады.

Қазіргі қақтығыс жағдайында израильдік әскерилер газалықтарға қоңырау шалып, әуе шабуылын жасайтынын алдын ала ескертеді екен. 

19 қазан күні Израиль әскері 25 көпқабатты үйді бомбалап, жүздеген пәтерлерді қиратып, тұтас бір ауданды қиратып тастаған. Аймақта жүздеген адам баспанасыз қалды. 

Израиль қорғаныс күштері әскери нысандарды нысанаға алып жатқанын және әрекеттері халықаралық құқыққа сәйкес екенін алға тартып отыр. 

Талқылау