Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аймағамбетов коронавирусқа қарсы вакцина салғаннан кейінгі жағдайы туралы айтты

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бір айдан астам уақыт бұрын COVID-19-қа қарсы отандық вакцинаны салдырған. Ол вакцинадан кейінгі жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

QazCovid-in қазақстандық вакцинасы 17 қыркүйектен бастап клиникалық сынақтардан өтіп жатыр. Ол Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтында зерттелуде. Қазақстанда екі ай бұрын алғашқы ерктілер вакцинациядан өтті.

Министр бұл жобаны басынан бастап қадағалап, әр кезеңге қатысқаны туралы айтты.

"Мен күн сайын клиникаға дейінгі зерттеулердің нәтижелерін алдым, талдаулардың нәтижелері мен вакцинаның тиімділігін көрдім, сондықтан вакцина салдырдым. Одан кейін біраз уақыт өтті. Мен өзімді жақсы сезініп жүрмін. Катаральды құбылыстар болған жоқ, температура көтерілмеді", - деді Асхат Аймағамбетов.

Вакцинаның клиникалық сынақтарына 18 бен 50 жас аралығындағы сау ересек еріктілер қатысады. Вакцинаның қауіпсіздігін анықтайтын зерттеудің бірінші кезеңінде коронавируспен ауырмайтын және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысады. Иммуногендікті тексеруге бағытталған екінші кезеңге 200 ерікті тарту жоспарланған.

Қазақстанның барлық аймақтарынан клиникалық сынақтарға қатысуға ниет білдірген азаматтардан 688 өтініш келіп түсті. Вакцинацияға арналған еріктілер тобы құрылды, олар скринингтен өтті.

2020 жылы 15 мамырда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық  коронавирусқа қарсы вакцинаны үміткер вакциналар тізіміне енгізді және 29 тамызда клиникалық сынақтарға жіберілді.

Білім және ғылым министрі Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ТМД-дағы ең мықты институттардың бірі екенін еске салды. Институт 1958 жылы құрылды, сол кезден бастап ғалымдар елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған әзірлемелермен айналысады.

"Зерттеушілер жұмыс істеген жылдар ішінде біздің елімізден тыс жерлерде енгізілген және белсенді қолданылатын қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы көптеген дәрі-дәрмектер мен вакциналар жасап шығарды және енгізді", - деп сендірді Асхат Аймағамбетов.

Талқылау