Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айлық 62 мың теңге": Ақтөбе облысында "Қазпочта" қызметкерлері жалақының аздығына шағымданды

Ақтөбе облысында почта қызметкерлері жалақының аздығына шағымданды. Айтуларынша, қымбатшылық белең алған кезде 62 мың теңге жалақы ештеңеге жетпейді. Ал шақырымдап аяқтан тозатын жұмыс болса бұл ақшаға тұрмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: сюжет кадрларынан скрин 

Бүгінде аймақта 600-ден аса пошташы қызмет етеді. Олардың арасында келісімшарт арқылы жұмыс істейтіндер бар. Бір хатты жеткізу құны 85 теңге, ал газет – 12 теңгені құрайды. Қызметкерлер қымбатшылық уақытында өте төмен жалақы алатындарына шағымданды. 

“Өз басым келісімшартпен жұмыс істеймін. Жалақым әр тасыған газет, хатыма есептеледі. Сонда еңбегім күніне шамамен 2 мың теңге болуы мүмкін. Бұл деген өте аз. Қазір барлығы қымбаттап жатыр. Айына табатын 62 мың теңгені жартысын, жалға төлеймін”, – деді пошташы Гүлзира Жұмалина.

Пошташылардың келісімшартсыз жұмыс істеп ақша алуының тағы бір түрі бар. Мұнда шартсыз кез-келген уақытта келіп, әр тасыған хатыңа байланысты ақша алуға болады. Алайда соның өзінде төленетін ақы қиын жұмыстың жемісін ақтамайды. 

“Мәселен өзің 5-участкеде тұрсаң, бару керек жерің 99-участкеде болуы мүмкін. Бұл деген біршама шақырымдар ғой. Тіпті кейде сонша жерге барғанда иелері көшіп кеткен немесе хатты алудан бас тартатындар болады. Мұндай жағдайда біз хатты кері әкелеміз. Ал бізге ақша тек табысталған хаттар үшін төленеді. Келісімшарт бойынша айлығым әрең дегенде 58-62 мың теңге аралығында шығады”, – деді тағы бір қызметкер Людмила Кубаева.

Ал Қазпочта басшылығы болса 62 мың теңге деген жалақы мүлде жоқ екенін айтып сендірді. Ақша орындалған жұмыс бойынша төленетінін түсіндірді. 



“Бізде 65 мың теңге дейтіндей жалақы жоқ. Барлығы орындалған жұмысқа байланысты. Қанша газет, журнал, хат тасығанына байланысты. Мәселен бізде 150-180 мың теңге алатындар бар. Барлығы адамның қаншалықты көлемде жұмыс атқаруына байланысты”, – деді “Қазпочта” жергілікті филиалының директоры Динара Хасанғалиева.

“Қазпочта” басқарма төрайымы Әсел Жанасова болса, қызметкерлердің жалақысы аз болғанымен, олардың екі үш жерде жұмыс істейтінін айтты. 

“Ашық түрде айтайын, менің жалақым 1 миллион 200 мың теңге. Бізде толық емес жұмыс уақытына шығатын қызметкерлер де бар. Бізде ресми тіркелмей, басқа жерде істеп, тек қосымша табыс үшін бізге жарты күнге келетіндер бар. Әрине, олардың айлығы аз көрінеді. Бірақ олардың екі-үші жұмысы бар”, – деді ол. 

Еске салсақ, бұған дейін "Қазпоштада" ақша жымқыру, алаяқтық, ұрлық және пара алу фактілері анықталған еді. Шығын көлемі 273 миллион теңгеден асады.

Талқылау