Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Айыппұлдан ақшасыз қалдық” Алматыда Wildberries компаниясының қызметкерлері шу шығарды

Алматыда Wildberries компаниясының сорттаушы қызметкерлері шу шығарды. Олар бүлінген, жоғалған заттардың барлығын біздің мойнымызға іліп жатыр деген шағыммен наразылыққа шыққан деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюроға сілтеме жасап. 

Компанияның сорттаушы қызметкерлерінің айтуынша сатушылардың тауарлары қапталып, арнайы штрихкодпен келеді.  Күніне келетін мыңдаған тауарды сорттап, мекен-жайы бойынша жөнелтіп отыратын қызметкерлердің заттарды ашып көруге құқығы жоқ. Есесіне сынған тауар үшін солар жауапты екен. Тіпті он екі сағаттан жұмыс істейтін жандар ай сайын өсетін айыппұлдан кейін ақшасыз қалдық деп күйінуде.

“Ресейге кетіп бара жатқан зат жол-жөнекей сына ма, сынбай ма соның бәрін біздің мойнымызға жазып жатыр. Клиенттердің кейбір тауарында құр қаптама ғана. Сыртындағы штрихкодта қысқатолқынды пеш, газ плитасы деген жазулары бар. Бірақ ішінде ештеңе жоқ. Міне соның бәрін мойнымызға жазып жатыр. Жұмыс жасаған ақымды ұстаса да, әлі 340 мың мойынға ілініп тұр. Сонда 640 мың ғой айыппұл бар”, - дейді Клара есімді қызметкер. 

Істері ілгерілеудің орнына қарызға баттық дегендер жалақының да кешігіп жатқанын жеткізді. Айына екі рет есептеп беретін ақымыз әлі күнге дейін жоқ. Ал, бұл туралы басшыларға айтсаң, телефондағы қосымшаны бұғаттап жұмыс істетпейді дейді, Сергей Грищук. 

Күніне шамамен бір адам 2-3 мың тауарды өткізеді дегендер, қабылдап алған кезде қандай да бір тексерістің жоқтығын айтады. Қазір осының кесірінен мұнда адам да тұрақтамайды екен. Ал wildberries маркетплейсінің мамандары әрбір жұмысшының еңбек ақыларын уақытылы төлеп отырғандарын жеткізді. Әрі сынған, жоғалған тауарға шара қолданатынымыз рас дейді. 

“Компанияның серіктестері мен қоймаларында тауарлардың сақталуы мен сортталуы және сатып алушыға жеткізу жұмыстары жүргізіледі. Бұл тауарларды сатушылар бізге сеніп тапсырды. Сондықтан оның еш бүлінбей дұрыс жеткізілуіне біз жауаптымыз. Егер тауар бүлінсе, ұрланса немесе басқа жағдайлар болса онда біз кінәлі адамды анықтаймыз немесе қабылдау пунктіне шара қолдамыз. Себебі, кәсіпкерге ақшасын өтеуіміз қажет”, – дейді Халықаралық Wildberries маркетплейсі PR бөлімінің басшысы Александра Несветова. 

Сондай-ақ, күн сайын 11 миллионнан астам тауарды қоймадан әртүрлі бағытқа жөнелтеміз деген компания маманы барлығы бақылауда деп отыр.

Талқылау