"Аяғыңды сындырып, темір салады": Мақпал Исабекова бойын ұзарту үшін операция жасамақ болған
Мақпал Исабекова бір кездері санасын билеген комплекстері жайлы айтты. Ол бойының қысқалығын бетіне басатындардан мезі болып, аяғын ұзарту бойынша ота жасатпақ болғанын мойындады, деп хабарлайды Stan.kz.
"Құрметті қыздар, әйелдер қауымы, бұл жазбаны сіздерге арнаймын! Себебі нәзік жандылар ауыр сөздер айтуға құмартып, менің "кемшіліктерім" туралы айтуды өздерінің миссиясы санайды. Атағым асқақтап келе жатқан шақта, дәл өзім сияқты әйелдер бойыма түрлі комплекстерді сіңірді. "Ой, қандай кішкентайсың", "қандай толықсың, аяғың қысқа", "бойыңыз сәл ұзындау болғанда мінсіз болар еді", "бойың бір қарыс", "кепкалы метр", "лилипут", т.б.", – деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.
Осындай сөздердің салдарынан Мақпал ағзасын ашығумен, түрлі диеталармен қинағанын айтады. Сырт көзге бойшаң көріну үшін Исабекова үнемі биік өкшелі аяқ киіммен жүруді әдетке айналдырған.
"Мен ондай аяқ киімдермен жүре алмайтынмын. Аяғымды қайырып, сахнадан құлай жаздайтын едім. Биік өкшелі аяқ киімді үнемі киіп жүрудің салдарынан екі аяғымда да шеміршек өсе бастады. Қазір жабық аяқ киімдерді ұзақ кие алмаймын, себебі ауыртады", – деп ағынан жарылды әнші.
Комплекстердің түбіне жеткені соншалық, бір күні Мақпал аяғын ұзарту бойынша операция жасауды ойға алған.
"Оның мүмкін екенін біліп, бұл тақырыпты зерттей бастадым. Қарапайым тілмен айтқанда, аяғыңызды сындырып, темір жалғап, созып береді. Алайда мұндай отадан кейін қалыпқа келу кезеңі жылдарға созылады", –
деген Исабекова елдің көзіне мінсіз болып көріну үшін бәріне дайын болғанын жеткізді. Алайда уақытында ес жиып, бұл ойынан бас тартқанын айтты.
"Ақылға қонымсыз идеяны басымнан шығарып тастап, қарапайым нәрсені түсіндім: мен өзімді жақсы көремін, басқа біреу үшін жеткілікті дәрежеде сұлу болмасам да бәрібір, өзімнің қандай екенімді білемін және ешкімге ештеңе дәлелдеудің немесе біреудің көзқарасына сай болудың қажеті жоқ. Алайда бұл түсінікті қалыптастыру үшін қаншама көз жасым төгіліп, көңілім қалғанын мен және Жаратушым ғана біледі", – деді Исабекова.
Мақпал ішкі рухы мықты болғандықтан, елдің сөзін жеңгенін айтады. Алайда ол біреудің сөзін көңілге алып, сағы сынып қалатын қыздардың көп екенін ескертті. Олардың өмірін қор қылмас үшін әр сөзді ойланып барып айтуды өтінді.
Талқылау