"Аяғымдағы ісікті инемен тесті": Балжан Бидаш жылан шағып алған сәтін еске алды
Танымал әнші, сазгер Балжан Бидаш бала күніндегі есте қалған оқыс оқиғасын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Дәстүр” подкастына сілтеме жасап хабарлайды.
Әнші Қызылорда өңірінің тумасы.
“Менің туған жерім – Жаңақорған ауылы, Келінтөбе ауылы. 8-сынып оқып жүргенде мені жылан шағып алған. Сыртта кешкі ас ішетін болып, үйге тамақ алуға кіргенде табалдырықта жатқан жыланды көрмей, басып кеткем. Пысылдаған даусын ғана естідім. Үйден атып шыққаным сол еді, табанымда екі ізі қалған. Шағып үлгеріпті. Үйде әкем екеуміз ғана бар едік, минут сайын аяғым істі. 20 минуттан кейін жамбасым мен беліме дейін жетті”, – дейді әнші.
Ең қызығы, ауыл медбикесі мен тұрғындары ісікке ине тыққан.
“Ауылымыз кішкентай болғасын ауыл медбикесіне ғана көріндік. Олар ісіктің бетін қайтарамыз деп ине тыға бастады. Ол ісік одан сайын ұлғайды. Бір кезде еш нәтиже шықпағасын, аудандық ауруханаға апарды. Сол жердегі дәрігерлер ісіктің бетін қайтарды. Содан аяғымды басып кеттім. Бірақ әлі күнге дейін жыланнан қорқамын. Өмір бойы фобия болып қалған шығар”, – деп еске алады өнер иесі.
Одан кейін әншіні шаян шағып алған.
“Жаңадан үй салып, соған көшкен жыл болатын. Үйіміз каналдың жанында болды. Ылғалды жер болғандықтан, неше түрлі жәндіктер шығатын. Бір күні көрпемнің ішіне шаян кіріп кеткен. Ол үш жерден шағып, әбден әбігерге түскенім бар”, – дейді әнші.