Ауруханада 36 жыл бұрын жаңа туған сәбилерді шатастырып жіберген

АҚШ-та екі отбасы 36 жыл бұрын жаңа туған сәбилерін шатастырып жіберді деген айыппен Графтон қаласындағы Unity ауруханасын сотқа берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі KKTV порталына сілтеме жасап хабарлайды.
2024 жылы Колорадо штатының 36 жастағы тұрғыны Джереми Моррисон генетикалық тест тапсырып, өзін тәрбиелеген ата-анасының биологиялық ата-анасы емес екенін білген. Оның айтуынша, бала кезінен-ақ өзін отбасында өзгеше сезінген.
“Қара шашты туыстарымның арасында жалғыз ақсары шашты бала болдым. Бірақ мұның себебі ауруханадағы қателік болады деп ешқашан ойлаған емеспін", – дейді ол.
ДНҚ сараптамасының көмегімен Моррисонның нағашы әпкесі Кайл Байлин есімді ер адамды тапқан. Белгілі болғандай, ол да дәл сол күні, сол ауруханада бірнеше сағат айырмашылықпен дүниеге келген. Осыдан кейін екі отбасы нәрестелерді ауруханада ауыстырып алған деп есептеп, сотқа жүгінді.
Алайда аурухана өз кінәсін мойындамай отыр. Басшылықтың мәлімдеуінше, сол кезеңде жұмыс істеген қызметкерлердің барлығы жұмыстан кеткен, ал медициналық құжаттар сақталмаған.
Соған қарамастан, екі отбасының ата-аналары өздерінің биологиялық ұлдарымен кездесіп үлгерген. Ал Джереми Моррисон мен Кайл Байлин әзірге бір-бірімен жүздеспеген.
Еске салайық, бұған дейін Қытайда бала кезінде жоғалып кеткен Цуй Нин есімді әйелдің туған ата-анасының үйінен небәрі 100 метр жерде көп жыл өмір сүргені белгілі болған еді. Ол 1991 жылы екі жасында Наньнин қаласындағы базарда адасып кеткен. Қызды тауып алған саудагер әйел оны өз қамқорлығына алып, туған баласындай тәрбиелеген. Ал оның туған ата-анасы сол уақытта дәл сол базарда жұмыс істеп, көрші көшеде тұрғанымен, қыздарын таба алмаған. Тек 30 жылдан астам уақыт өткен соң жоғалған туыстарды іздеуге арналған арнайы сервис пен ДНҚ сараптамасының көмегімен Цуй Нин туған әпкесі мен анасын тауып, олармен қайта қауышты. Өкінішке қарай, өмір бойы қызын іздеген әкесі бұл күнге жете алмай, бірнеше жыл бұрын қайтыс болған.
"Ұлымды ұрды, заттарын жоғалтты": Алматылық ана ұлының "Жаңа Ұрпақ" лагерінде қорлық көргенін айтып берді
Оқыңыз