Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауқымды құрылыс": Шымкентте перинаталдық орталық пен әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салуға 33,5 млрд теңге бөлінді

Құрылыс алаңы
Фото: Видеодан скрин

Шымкентте перинаталдық орталық пен әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салуға 33,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысының Құрылтайдың алғашқы сессиясында берген тапсырмаларын орындау аясында Үкімет өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды озық дамыту бойынша шаралар қабылдауда.

Шымкентте жаңа перинаталдық орталық пен халықаралық әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салу жобалары жүзеге асырылуда. Нысандардың құрылысын жалғастыруға қосымша 33,5 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде денсаулық сақтау нысанына – 10 миллиард теңге, ал екінші ұшу-қону жолағына 23,5 миллиард теңге бағытталды.

Жаңа инфрақұрылым әуежайдың өткізу қабілетін арттырып, әуе қатынасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаны іске асыру қаланың көлік-логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, жолаушылар мен әуе тасымалы көлемінің өсуіне қажетті жағдай қалыптастырады.

Ақжайық шағынауданында 200 төсек-орынға арналған жаңа перинаталдық орталық салынуда. Медициналық мекеме жылына 7 мың босануға арналған және ана мен жаңа туған нәрестелерге медициналық көмектің толық циклін қамтамасыз етеді. Акушерлік, гинекология және неонатология бөлімдерімен қатар, мұнда күрделі патологиялары бар жаңа туған нәрестелерге ем жүргізуге арналған неонаталдық хирургия қызметі ұйымдастырылады.

Сондай-ақ орталықта диагностикалық зертхана, генетикалық зерттеулер жүргізуге арналған база, консультациялық және оңалту бөлімшелері қарастырылған. Заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілетін нысан ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Перинаталдық орталықтың іске қосылуы қаладағы медициналық қызметке түсетін жүктемені азайтып, тұрғындарға қажетті көмекті бір жерде алуға жағдай жасайды.

Аталған жобаларды жүзеге асыру өңірдің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және қаланың одан әрі дамуына қажетті инфрақұрылымдық негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 23 Қыркүйек, 2026 19:06