Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда көздері көрмесе де бір-біріне ғашық жұп тұрады (фото)

Абылай Әділбеков Атырау облысы Қызылқоға ауданының тумасы. Жасы 25-те. Ол 12 жасынан бері қараңғылықта өмір сүріп келеді. Алматы облысы Қарасай ауданының тумасы Фариза Бақытова да 14 жасында көз жанарынан айрылған. Бірақ, олардың арасындағы мыңдаған шақырымдар екеуінің махаббатына тосқауыл бола алмады.

Абылай спортта да, өнерде де біраз жетістікке жетіп үлгерген. Балалық шағын ауыл сахнасында ән айтумен өткізген ол бүгінде республикалық ән байқауларының да дипломанты атанып үлгерген, деп жазады Ақ Жайық.

Абылай болашақ жары Фаризамен ол WhatsApp мессенджері арқылы танысып, жарты жылдай сөйлесіп жүрген. Онда көзі көрмейтіндердің тобы бар. Сезімдерінің одан әрі өрши түсуіне Алматы қаласындағы шипажайдағы екеуінің демалысы себепші болды.

«Демалып Атырауға келгеннен кейін әке-шешеме осы қызға үйленетінімді айттым. Өзімнен бұрын ата-анам уайымдады. «Өзің де бірінші топ мүгедегісің, ертеңгі күні қалай болар екен. Бұл қадам – үлкен жауапкершілік», – деді. Ақырында ата-анамды көндіріп, содан үлкендердің батасын алып, Алматыға аттандым. Фаризаның ата-анасының рұқсатымен оны Атырауға алып келдім. Ата-анам Фаризаны көрді, ұнатып та үлгерді, қолынан шай ішті. Қазір тойға қызу дайындық үстінде», – дейді Абылай.

Ал Фаризаның ата-аналары атыраулық жігітке тұрмысқа шығуына бірден келісе қоймаған.

Фариза 14 жасқа дейін көріп келіп, кейін мүлде қараңғылық басып кеткен. Отбасындағы басқа балаларда да көздің көруінен проблема бар.Сондықтан ол әкесі жағынан тұқым қуалаушылық бар деп ойлайды. Себебі анасының көзі көреді. Фаризаға кәдімгі мектепті тастап, зағиптар және көздері нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға түсуіне тура келді. Оны тәмамдап шыққан соң Спорт және туризм академиясына массажист мамандығына тапсырды.  Қазір академияның екінші курсында білім алуда.

«Бұрын тұрмыс құрамын ба деп уайымдайтынмын. Абылай сияқты жігітті кездестіріп, өз бақытымды тапқаныма қуаныштымын. Көңілінен шығуға тырысып жүрмін. Тек әзірге Атыраудың көшелерімен өз бетіммен серуендеп жүре алмаймын. Алматыда арнайы таяғыммен қоғамдық көлікпен оқуыма барып келіп, саябақтарға жиі шығып тұратынмын. Ол жақта жаяу жүргіншілер жолдары жүруге ыңғайлы, сөйлейтін бағдаршамдар да бар», – дейді Фариза.

Жастар Абылай қолына дипломын алған соң ауылға көшіп баруды жоспарлап отыр. Өйткені ол шаңырақтағы жалғыз ұл. Абылай спорт пен өнерді де қатар алып жүргісі келеді. Екеуі де ертең қолғабыс болатын көп балаларымыз болса деп армандайды…

Тағы да оқыңыз:

Жақын туысы “той жасай алмадың” деп Төреғалиді ұятқа қалдырған (фото)

Елбасының аттасы: Нұрсұлтан ата арманымның орындалатынын айтты

Немересін бауыздап өлтірген нағашы атасы мастықпен шошқа сойып жатырмын деп ойлаған

Талқылау