Атырауда бүтін бір отбасының қазасы бойынша сот отырысы басталатын күн белгіленді

Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты резонанс тудырған іс Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотына түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот процесі 18 мамыр күні сағат 11:00-ге белгіленген. Іс ашық форматта қаралады. Істі судья Зарема Хамидуллина қарайды. Өңірде оған әдетте ең шулы әрі күрделі қылмыстық істер сеніп тапсырылады.
Негізгі айыпталушы кім
Іс бойынша басты айыпталушы – Сұлтан Сәрсемалиев. Қазір ол сот процесін күтіп, Атыраудағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Тергеу мәліметінше, ер адам енесін, қайын атасын, әйелінің ағасы мен әпкесін өлтіргенін мойындаған.
Күдіктінің әйелінің ата-анасының денелері үй ауласындағы сарайдан көмілген күйде табылған. Ал екі ағайындының денесін күдікті басқа ауылдағы уақытша баспананың маңына жерлеген. Ол жерде айыпталушы бұрын әйелі және балаларымен бірге тұрған.
Оқиғаның мән-жайы
2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насипа Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.
Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.
“Былтыр желтоқсанның соңында Атырау қаласының тұрғыны полицияға ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жатқанын айтып жүгінді. Жүргізілген жедел-тергеу шараларының нәтижесінде өлтірілген адамдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылды”, – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.
“Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезия Республикасындағы әріптестерімен бірлесіп, аталған елдің аралдарының бірінде Атырау облысындағы резонанстық отбасы өліміне күдікті азаматты ұстады. Қазір ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деді Қанат Нұрмағамбетов.
Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.
Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев па, әлде тарихи шындық бұрмаланды ма?