Атырауда кәсіпкер балабақшаға күріштің келісін 21 мың теңгеге сатып келген

Атырау облысында балабақшаға жеткізілген күріштің бағасы жұртты таңғалдырды. Қарапайым күріштің бір келісі 21 мың теңгеден сатылғаны анықталып, кәсіпкерге қатысты тексеру басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Атырау облысында мектепке дейінгі мекемелерге азық-түлік жеткізуге қатысты дау шықты. Жергілікті кәсіпкер қарапайым күріштің бір келісін 21 мың теңгеден жеке балабақшаға сатып келген.
Осы дерек Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына жүргізген цифрлық талдау барысында анықталған.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Бекболат Әнесовтің айтуынша, өңірде сауда үстемесінің заңмен белгіленген 15%-дық шегінен асқан 10-нан астам ірі жеткізуші анықталған. Алайда балабақшаға күріш жеткізуге қатысты жағдай ең сорақысы болған.
"Кәсіпкер сауда үстемесін 3500%-дан астамға көтеріп, қарапайым күріштің бір келісін жеке балабақшаға 21 мың теңгеден жеткізіп отырған. Бұл мәселе Атырау облысы әкімдігі жанындағы арнайы комиссияда қаралды. Жақын арада кәсіпкерге қатысты қатаң шаралар қабылданады", – деді Бекболат Әнесов.
Қазір аталған дерек бойынша ресми тексеру жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін сауда және интеграция министрлігі Алматы облысындағы "Алтын Орда" базарында жүргізілген тексеру барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне 17%-дан 86%-ға дейін негізсіз үстеме қосып, қайта сатқан 7 делдалдың қызметі тоқтатылғанын хабарлаған еді. Жалпы тексерістен соң бір сауда желісі, бір көтерме сауда орны және 11 кәсіпкердің әлеуметтік маңызы бар тауарларға 40%-дан 203,8%-ға дейін үстемеақы қосқаны анықталып, заң бұзғандарға әкімшілік шаралар қолданылды.
Қазақстандық әйел липосакция жасатамын деп өлім аузынан қалды: Оған отаны мейіргер жасаған
Оқыңыз