Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Онда не істейсіңдер": Ақтөбелік емші депутаттыққа ұсынылған Тамара Асар мен Аша Матайға шүйлікті

Тамара Асар, Аша Матай, Бағдагүл емші
Фото: Instagram.com/tamara_assar_official / asha_matai

Танымал ақтөбелік сынықшы Бағдагүл әлеуметтік желідегі парақшасында үндеу жасап, Тамара Асар мен Аша Матайдың Құрылтайға депутаттыққа ұсынылуына қатысты ойын ашық айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ол өнер өкілдерінің Құрылтай депутаттығына ұсынылуын құптамайтынын жеткізді. Бағдагүлдің сөзінше, мұндай маңызды алаңда халықтың мұңын айтып, елдік мәселеге араласа алатын азаматтар болуы керек.

Сынықшы өз үндеуінде әншілер мен танымал тұлғалардың саясатқа араласуына қарсы екенін жасырмады. Оның айтуынша, халыққа нақты пайдасын тигізбеген адамдардың мұндай жауапты орынға баруы дұрыс емес.

Бағдагүл әсіресе Тамара Асар мен Аша Матайдың есімін атап, олардың Құрылтайға қатысуына наразы екенін айтты.

“Тамара Асар! Тілімді кессең де , бас кеспек жоқ. Қайдағы құрылтай саған? Халық үшін бір затқа тұра алмаған адамға ол жерге барудың қажеті жоқ! Ол жерге барып не істемекшісің? Орындықты сасытасыңдар ма Аша Матай екеуің? Не жетпейді саған? Әніңді сал да, қыдырсайшы! Бізге Аша Матайдың керегі жоқ! Қазақстан сендерге ойыншық емес. Оны құру үшін біздің ата-бабамыз жер жастанған. Балға жиналған ара сияқты керегі жоқ”, – деді ақтөбелік емші.

Желі қолданушылары емшінің бұл мәлімдемесін қызу талқылап жатыр. Бірі оның пікірін қолдаса, енді бірі өнер адамдарының да қоғам өміріне араласуға құқығы бар екенін айтып, қарсы уәж білдірген.

Еске салайық, бұған дейін әншілер Тамара Асар мен Аша Матай депутаттыққа ұсынылғаны хабарланған еді. Алайда желідегі жұрт өнер иелерінің депутаттыққа түскенін жылы қабылдай қоймады. Қазақстандықтар шоу-бизнес өкілдерінің депутат болуына наразылықтарын білдіріп, түрлі пікір қалдырды.

“Әншілер жетпей тұр еді”, “Қалаулымнан Құрылтайға жол. Сөзім жоқ”, “Заңды білмейді. Осы әртіс пен спортшылар депутат болып бірнәрсені қатырады ма?”, “Әркім өз мамандығы бойынша қызмет етсе жақсы болатын еді”, – деп жазған олар.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 15 Шілде, 2026 16:30