Жарнама түсіруге келген ресейлік режиссер Қазақстанды "Боратпен" салыстырып, жұртшылықты ашуландырды

7Days Kazakhstan бренді ресейлік режиссер Илья Лучкинді жарнамалық ролик түсіруге шақырғаны үшін сынға қалды. Себебі ресейлік режиссер жеке парақшасында Қазақстанға сапары туралы видео жариялап, “Борат” фильмімен салыстырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Круассан шығаратын 7Days бренді Илья Лучкинді Алматыға жарнамалық ролигін түсіріп беру үшін шақырған. Сөзінше, режиссер елге бірінші рет келіп тұр және осы уақытқа дейін оны Борат фильміндегідей елестеткен.
“Қазақстан туралы таным-білімім тек “Борат” фильмімен шектелді. Алайда бұл елге қонғанда, адамдар сиырмен емес, электрокарлармен жүретінін, ал бағалар Ресейден төмен екенін көргенде, аң-таң болдым”, – деді ол видеода.
Сондай-ақ видеода Борат кадрларын қосқан.
Желі қолданушылары бұл мәлімдемелерді менмендік және қорлау деп санап, наразылық білдірді. Қазақстандықтар режиссер елге құрметсіздік көрсеткенін жазды. Жаппай сыннан кейін Лучкин видеоны өшіріп, бұл оның Қазақстандағы алғашқы және соңғы жобасы екенін мәлімдеді. Сонымен қатар сторисіне сиырға мінген фотосын жариялаған. Желі қолданушылары мұны көпті мазақ ету деп қабылдады.
Наразылықтың бір толқыны шетелдік маманды шақырған компанияға да келді. Олар елде отандық режиссерлер, продюсерлер және түсірілім тобы бола тұра, ресейлікті шақырғанына шамданды.
“Қазақстанда түсіре алатын режиссерлер, продакшндар жетеді. Бізден ақша тауып, біздің нарыққа ақша салмаған қалай болады?”, “Ақымақ бас – аяқтың соры. Біздің режиссерлер істей алмайтындай ештеңе жоқ. Өзінікін менсінбей, өзгені пір тұтатындар”, “СенСұлудың Валя Карнавалды шақырған кейсінен сабақ алмапты ғой”, “Бойкот”, “Әлем Ресейден бас тартып жатыр, тек біздікілер емес. Оған қоса Қазақстанды тек “Борат” киносынан танитын белгісіз режиссерді шақырғандары несі”, – деп жазды желідегілер.
Осы жайттан соң 7Days бренді режиссермен серіктестікті тоқтатқанын жазды. Сөздерінше, оның мәлімдемелері бренд құндылықтарына сәйкес келмейді.
“7Days ұлтшылдықтың, кемсітушіліктің кез келген түрін және кез келген ұлт өкілдеріне, олардың мәдениеті мен шығу тегіне құрметсіздік танытуды мүлдем қолдамайды. Соңғы жарнама науқанымыздың режиссері жариялаған жазба тек оның жеке көзқарасын білдіреді және 7Days брендіне ешқандай қатысы жоқ. Осындай жағдайдың орын алғанына және Қазақстан тұрғындарының көңіліне тигеніне шын жүректен өкінеміз. Біз барлық жобамызда құрмет, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын әрі қарай да ұстанамыз”, – деп мәлімдеді компания.
Еске салайық, бұған дейін желіде Sen Sulu қазақстандық косметикалық бренді жарнамалық видеоға ресейлік блогер Валя Карнавалды түсіргеннен кейін сынға ұшырағаны хабарланған еді.
Қазақстандық әйел липосакция жасатамын деп өлім аузынан қалды: Оған отаны мейіргер жасаған