Ең ірі тираннозаврдың қаңқасы 50 миллион долларға сатылды

72 миллион жыл бұрын жерді кезген тираннозаврдың қаңқасы рекордтық бағаға сатылды. "Гас" лақап атымен танылған алып жыртқыштың сүйектері Нью-Йорктегі аукционда 50,1 млн долларға өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Динозавр қаңқасын иелену құқығы үшін жеті қатысушы бақ сынады. Сауда-саттықтағы жеңімпаз сатып алушының аты-жөні жарияланбады.
Гасты 2021 жылы Оңтүстік Дакотадағы ранчодан тапқан. Ранчоның марқұм иесі Гэри "Гас" Ликингтің құрметіне табылған қаңқаға осы есім берілген.
Қаңқа сүйектерін қазып алу жұмыстары үш жылға созылған. Мұндай жұмыстарды жер толық жібитін жаз мезгілінде ғана жүргізуге болады. Одан кейін тираннозаврдың қалдықтарын қайта құрастыруға тағы үш жыл кеткен. Зерттеу барысында ғалымдар бас сүйегінен тістелген іздерді және жануар тірі кезінде бітіп кеткен сынған қабырғаларды анықтаған. Сарапшылар Гас бұл жарақаттарды басқа динозаврлармен шайқас кезінде алған болуы мүмкін деп болжайды.
Алып жыртқыш шамамен 72–66 миллион жыл бұрын өмір сүрген. Бұл кезең жылы климатпен, теңіз деңгейінің жоғары болуымен және кең жағалаулық жазықтардың болуымен сипатталады.
Гас – ең жақсы сақталған тираннозавр қаңқаларының бірі. Оның 183 сүйегі сақталған. Ал жалпы сақталу деңгейі шамамен 63 пайызды құрайды. Қаңқаның ұзындығы 11,6 метр. Бұл оны бұрын-соңды табылған ең ірі тираннозавр рекстердің біріне айналдырады.
Бұған дейін қазба қалдықтары бойынша аукциондағы рекорд Апекс атты стегозаврға тиесілі болған. Ол 2024 жылы хедж-қор иесі, миллиардер Кен Гриффинге 44,6 миллион долларға сатылған. Бұл сома сауда басталар алдындағы бастапқы бағадан 11 есе жоғары болған. Ал Гастың алдын ала бағасы 30 миллион доллар деп белгіленген.
Кейбір ғалымдар Би-би-сиге берген сұхбатында бұл аукцион аса бай адамдар арасында қазба қалдықтарын жинаудың жаңа кезеңін бастауы мүмкін екенін айтты. Көптеген палеонтологтар динозавр сүйектерінің нарығы қарқынды өсіп, құнды үлгілердің жеке коллекцияларға өтіп жатқанына алаңдайды.
Sotheby's халықаралық бөлімінің табиғи тарих жөніндегі басшысы Кассандра Хаттон аукцион алдында AFP агенттігіне берген түсініктемесінде:
"АҚШ – мұндай қазба қалдықтары жеке меншік болып саналатын әлемдегі жалғыз ел. Егер жер сізге тиесілі болса, ондағы қазба да сіздің меншігіңіз және оны сатуға құқығыңыз бар. Сондықтан динозавр сатып алғыңыз келсе, мұны жасауға болатын жалғыз орын – осы", – деді ол.
Хаттонның айтуынша, төленген баға қаңқаны табуға, зерттеуге және дайындауға жұмсалған уақыт пен еңбекті көрсетеді.
Оқыңыз"Гас – жай ғана ерекше олжа емес. Ол қазылып алынған, құжатталған, дайындалған және аса ұқыптылықпен сақталған бірегей үлгі", – деді ол.
Бұған дейін Хаттон палеонтологтардың қазба іздеу кезінде үлкен қиындықтарға дайын екенін айтқан. Кейбір зерттеушілер тіпті қазба жұмыстары кезінде қаза тапқан.
"Бұл қазбаларды іздейтін адамдар айлап дала жағдайында өмір сүреді. Азық-түлігін арқалап жүреді, шатырларда ұйықтайды. Ал айналасында улы жыландар, қауіпті жәндіктер мен пумалар болуы мүмкін", – деді ол.
Қазақстандық әйел липосакция жасатамын деп өлім аузынан қалды: Оған отаны мейіргер жасаған