Атырау қалың түтін астында қалды: Тұрғындар күйіктің иісіне шағымдануда
Каспий жағалауындағы қамыс өртінен кейін Атырау қаласын қалың түтін басты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде тұрғындар күйіктің иісіне шағымданды.
"Атырау, қалайсыздар? Көмірсутек деңгейі артып кетті дейді, оның үстіне қалада қамыс өртепті. Қызық жағдай. Экология министрлігі, сіздердің жағдайларыңыз қалай?" – деп жазды журналист Асхат Ниязов.
Сонымен қатар қаладағы күйіктің иісіне байланысты оқушылар қашықтан оқуға жіберілді.
"Бүгін оқушылар мен колледж студенттері қашықтан оқу форматына ауыстырылды", – деп мәлімдеді қала әкімдігі.
Қазіргі таңда Атыраудан 30 шақырым жерде 7 гектар аумақта қамыс өртенген.
"2 сәуірден бастап 89 гектар қамыс өртенді, оның 82 гектарында өрт сөндірілді", – делінген облыстық әкімдік хабарламасында.
Өртті сөндіру үшін 40 қызметкер мен төтенше жағдайлар департаментінің 4 бірлік техникасы, "Ақжайық" резераватының 30 қызметкері мен 9 техникасы жұмылдырылды.