Атырауда тәрбиеші бүлдіршінді ұрып, аузын жарақаттаған (видео)
Атырауда балабақша тәрбиешісінің бүлдіршінді ұрған сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүлдіршіннің балабақшаға барғанына үш күн ғана болған. Үшінші күні анасы баланың аузы ісініп, көгергенін байқапты. Содан кейін камерадағы жазбаны көрсетуді талап еткен.
Видеода тыныш отырған бүлдіршінді тәрбиеші ұрып-жұлқылағанын көруге болады. Салдарынан бала төсекке соғылып, басын жарақаттап алған.
"Келесі күні мен камерадан күтушінің баламды қалай ұрғанын көрдім. Бірақ басшылық бұл фактіні мойындамай, қызметкердің байланыс нөмерін беруден бас тартты. Ол WhatsApp хабарламаларын оқыды, бірақ жауап бермеді. Мен қатты ашуландым", – дейді қыздың анасы.
Айтуынша, бала қазір күндіз-түні жылап, құса бастаған. Полицейлер сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
"Бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Кешенді тергеу амалдары басталды", – дейді облыстық полиция департаменті.